Туризм орталығының жұмысы көңіл қуантады

Dalanews 21 мая 2019 09:52 1206

Әулиеата өңірінде туризм жыл санап қарқынды түрде дамып келе жатыр. Жалпы, туризм туристерді көптеп тартудың ғана емес көптеген экономикалық және әлеуметтік аспектілерді құрайтын сала. Соңғы онжылдықта аталмыш сала әлем бойынша мықты дербес индустрияға айналды. Дүниежүзілік Туристік Ұйымның мәліметтеріне сенсек, ол әлемнің өндірістік-сервистік нарық айналымының 10 пайызын қамтамасыз етеді екен. Дәлірек айтқанда, туризм саласының еншісіне әлем бойынша айналымдағы өнімдердің 6 пайызы, әлемдік инвестицияның 7 пайызы және әрбір  16-шы жұмыс орны тиесілі. Оған қоса әлемдік тұтынушы шығындарының пайызы, барлық салық түсімінің 5 пайызы дәл осы туристердің есебінен келетін көрінеді. Аталған сандық көрсеткіштер туризм индустриясының экономикадағы рөлінің зор екендігін анық аңғартып тұр.

Туризм түсінігіне дендеп енетін болсаңыз ересектер және балалар мен жасөспірімдер туризмі деген де ұғым бар. Өз кезегінде  туризмнің балаларға арналған түрін дамыту алғашқысына қарағанда жауапты, әрі әлдеқайда күрделі. Өйткені, балалар туризмі жеткіншек ұрпақтарды, еліміздің ертеңін эстетикалық тәрбиелеу мен қалыптастыру ісінде айрықша орын алады. Осы орайда көкейді облыс пен аудандардағы балалар туризмі қай деңгейде дамып жатыр деген сынды сауалдардың торлайтыны анық. Сонымен бірге, жасөспірімдердің туризмін өркендетудің жайы да қазір көпшілікті қызықтыратын болған.

Қазір елімізде тікелей балалар  туризмін дамытуға арналған орталықтардың саны қырықтың о жақ, бұ жағы десек, оның жартысына жуығы Батыс Қазақстан облысына тиесілі екен. Ал Жамбыл облысы бойынша бұндай орталықтардың саны саусақпен санарлық қана. Солардың бірі – облыс бойынша алғашқы болып ашылған Шу ауданындағы Балалар-жасөспірімдер туризм және өлкетану орталығы. Орталыққа қабылданған әрбір бүлдіршін атқа мінуді, балық аулау мен орманда адасып кетпеудің жолдарын, суда жүзуді және тауға жорыққа шығуды меңгереді. Яғни қауіпсіздік ережелерімен қатар, күрделі жағдайда не істеу керектігін де үйренеді. Орталық директоры Рахия Көбегенованың айтуынша, аталмыш мекеме 2015 жылдың қазан айында ашылған екен.

– Балаларға арналған туризм орталығының негізгі міндеті – оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, оларға өлкетану және туризм бағытында қосымша білім беру болып табылады. Бүгінгі таңда орталыққа қарасты әртүрлі бағытта «Жас турист», «Жас өлкетанушы», «Гид» сынды 17 үйірме жұмыс жасайды. Оқушылар мұнда туризм саласы бойынша білімдерін жетілдіріп, аудандағы мәдени ескерткіштер туралы барлық ақпаратқа қанық бола алады. Орталықтың ұйымдастыруымен араға апта салып ауданның киелі жерлеріне саяхат жасап отырамыз. Міне, осындай сапарларда бізде білім алған жас экскурсоводтар өздері қатарлы оқушыларға жол сілтеп, әр ескерткіш туралы толық мәлімет беріп отырады. Сонымен қатар, туристік маусымның жабылуына орай аудандық туриадалар өткізуді де назардан тыс қалдырған емеспіз, - дейді орталық директоры.

 

Жамбыл облысы

Шу ауданы

 

Рекомендовать
Последние новости