Түрксіб ауданының ескі үйлерін реновациялау жалғасуда

Жарбол Кентұлы 17 окт. 2024 16:39 2773

Алматыдағы Түрксіб ауданының экономикасы тұрақты әрі серпінді дамып кеелді. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазір ауданда капиталға салынған инвестиция 9 айдың ішінде 21%-ға, оның ішінде жеке инвестиция 27%-ға өскен. Барлығы 150 млрд теңге инвестиция тартылды.

– Ауданда жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінің саны 7,8%-ға өсті. Бүгінгі күні ауданда 29 мыңнан астам бизнес субъектісі белсенді жұмыс істеуде. Олардан түсетін салықтық түсім164 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға, сондай-ақ 3,5 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді, – деді Ерболат Досаев.

2024 жылы ауданның бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 4 есе ұлғайған. Мәселен, 2023 жылдың басында бюджет 5,4 млрд теңге болса, 2024 жылдың басында ол 21,3 млрд теңгеге жетті.

– 2024 жылдың маусымында аудан бюджеті тағы 9%-ға өсіп, 23,5 млрд теңгеге жетті, бұл инженерлік және жол инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерді көріктендіруге бағытталған жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді, – деп атап өтті қала басшысы. Осы ретте айта кетуіміз керек. Алматы қаласының экономикасында жалпы жоғары инвестициялық белсенділік орын алуда.

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 1 133 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 8,1%-ға жетті. 2024 жылдың басынан бері жергілікті бюджетке түсім 27,2%-ға өсті, бұл «Алматыны дамыту бағдарламасы 2025 жылға дейін және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективасы» аясында басым жобаларды қаржыландыруды ұлғайтуға мүмкіндік берді. 2024 жылдың басынан бастап Алматының бюджеті 204,5 млрд теңгеге көбейіп, 1 828,5 млрд теңгеге жетті.

Әкім Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуінде ауданында 1960 жылға дейін салынған 586 үй қайта реновациялауға жататынын алға тартты.

– Бүгінде жайлы қалалық орта құру әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі болып табылады. 2030 жылға дейін тұрғын үйді реновациялаудың жаңа бағдарламасы әзірленді, онда кешенді және тоқсандық құрылыс айқындалып, ескі тұрғын үй иелерінің кепілдіктері және әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымдарын дамытуды ескере отырып, тұрғын үй қорын жаңартатын боламыз, – деді Ерболат Досаев.

Ескі тұрғын үй мәселесі Түрксіб ауданындағы ең өзекті мәселелердің бірі десек болады. Мұнда 60-шы жылдарға дейін салынған 586 тозығы жеткен үйлерді реновациялау жұмыстары жалғасуда.

2024 жылдың шілдесінде Кассина көшесіндегі 6 жаңа үйдің құрылысы аяқталып, халық қоныстанады. Жыл соңына дейін Сауранбаев көшесіндегі тағы 7 жаңа үйді аяқтау жоспарлануда.

Сондай-ақ, Алтай-2 ш/а жекеменшік құрылыс салушы 54 үйдің ішінен 6 үй сатып алды. Бүгінгі таңда екі тоғыз қабатты үйді бұзу және салу жұмыстары жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Алматының сапалы дамуын және тиімді бақылауды қамтамасыз ету үшін жаңа қала құрылысы регламенті, құрылыс салу ережелері және Тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы әзірленген болатын. Жаңа бағдарламалар жыл соңына дейін қалалық Мәслихат сессиясында бекітілетін болады.

Сонымен қатар Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуде күзгі-қысқы кезеңде жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қабылданған шаралар туралы баяндады.

Қала басшысының айтуынша, биылғы қыркүйек айында Спасск және Бекмаханов, Бекмаханов және Сүйінбай көшелерінде жалпы ұзындығы 2,1 шақырым жылу желілері салынған. Сонымен қатар, 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған құбырлар ауыстырылды. Ерболат Досаевтың тапсырмасымен биыл барлығы 20 шақырым жылу желілері қайта жөндеуден өтіп, құбырлардың тозуын 1,8%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Реконструкция жылыту маусымы аралығында қаланың 6 ауданында жүргізілуде. Жұмыстарды биылғы жылдың 25 қазанына дейін аяқтау жоспарланған.

 

 

 


Рекомендовать
Последние новости