Түркістанға биылғы жылдың 6 айында 678 мың турист келген

Dalanews 24 июл. 2017 04:14 838

 Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін әзірленген  «Көне Түркістан» концепциясы 3 кезеңде жүзеге асырылатын болады. 


Көне шаһардың 99,6 гектар жер аумағын қамтитын концепцияның басты бағыттарының бірі – туристік индустрияны дамыту болып белгіленіп отыр.  Бүгін бұл туралы аймақтық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсірбаев мәлім етті.




Қала басшысының айтуынша,  Түркістанға биылғы жылдың 6 айында 678 683 турист келіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда  92 мың 291 адамға артқан.  Туристерден түскен  табыс 1 млрд. 496,5 млн. теңгені құрапты.



«Қазір «Көне Түркістан» концепциясының алғашқы кезеңін іске асыру мақсатында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қарсы бетінде орналасқан 12,8 гектар жер аумағында бұзылуға жататын 129 тұрғын үйді мемлекеттік қажеттілікке сатып алу үшін бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сатып алу шаралары  заң талаптарына сай іске асырылатын болады. Бұл жобаның жалпы құны шамамен - 7 850,6 млн. теңгені құрайды. Оның ішінде – 1 290 млн. теңге 129 үйді сатып алуға, 800,0 млн. теңге инфрақұрылымға қаралған», - деді Әліпбек Шәріпбекұлы.



Сондай-ақ қаланың оңтүстік шығыс бетіндегі 45,0 гектар жер аумағына этносаябақ салу жоспарлануда. Этносаябақта ұлттық нақыштағы ойын-сауық орындары, ұлттық тағамдар мен сусындар ұсынатын нысандар, ашық аспан астындағы демалыс орындары мен киіз үйлер орналасатын болады. Осы этносаябақта туристерге орта ғасырлық көшелердің көріністерімен сол кездің мәдениетін тамашалай алатындай мүмкіндіктер жасалады. Сонымен қатар, облысымыздағы тарихи-мәдени ескерткіштер жөнінде мағлұмат беретін ашық аспан астындағы макеттер орналастырылады. Саябақта ескі тарихи көлшік қайта қалпына келтіріледі.


Ал, үшінші кезеңде орталық Есімхан алаңымен Әмір Темір көшесі аралығында С.Қожанов, Байбұрт көшесі, жаяу жүргіншілер арбатты қайта жарақтандырып, жаңалау жоспарда бар. 


 Бұдан бөлек, қаладағы табиғи қорды пайдаланып емдік-сауықтыру туризмін дамыту көзделуде.  Өйткені Түркістан қаласы аумағында жер асты термалды су жүйелерінің мол қоры бар.  Осы су көздерінің қатарында құрамы «Трусковец» (Украина), «Витаутас» (Литва) және Ново-Ижевская (Удмуртия) емдік  жер асты суларына теңдес «Шипа-су» шипажайы орналасқан.  Бүгінгі таңда шипажай басшысымен келісіп, мекеменің жұмысын жандандыру үшін тиісті шаралар жүргізілуде.



Рекомендовать
Последние новости