Түркістанға 27 жергілікті атқарушы орган көшіп келді

Dalanews 15 авг. 2018 10:16 908

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы жұмыс сапарымен Түркістан қаласында болып, көшіп баратын облыстық мемлекеттік мекемелердің ғимараттарын аралап көрді.

Ондағы дайындығымен танысқан аймақ басшысы, көшу шараларын ширатуды тапсырды.

Облыс әкімі іссапары барысында нысандарда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен аралап көріп, жеделдетіп аяқтау керектігін айтты.

– Халыққа сапалы қызмет көрсету үшін мемлекеттік мекемелерге тиісінше жағдай жасалу керек. Яғни, қызметкерлердің отырған жері ыңғайлы және барлық қажетті деген техникалық жабдықтармен жабдықталуы тиіс. Бұл жұмыстарды өте тездетіп атқару керек, себебі санаулы күндерден кейін осында жұмыс істейміз. Мұнда келген тұрғындарға тиісті барлық жағдай жасалуы керек, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жалпы Түркістан қаласына 1203 штаттық бірлігі бар 27 жергілікті атқарушы орган көшіріледі. Бүгінде облыстық басқармалардың басым бөлігі көшіп барып, жұмысқа кірісіп кеткен. Кеңсені жалға алу, пәтерді жалға алу, жалақыға үстеме, ғимарат жөндеуге Үкімет резервінен тиісті қаржы қаралған.

Қазіргі таңда 13 аумақтық органның өкілдері Түркістан қаласында халыққа қызмет көрсетуде.

Барлық мемлекеттік органдарды көшіру бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Бүгінде мемлекеттік органдардың толыққанды жұмыс істеуі үшін тиісті коммуникациялық және байланыс жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстар жүргізілуде.

Тұрғын үйді қажет ететін мемлекеттік қызметкерлерге жатақханадан 700-ге жуық орын әзірленген.

Айта кетейік, бұдан былай Түркістан қаласына көшіп барған мемлекеттік қызметкердің еңбек ақысына 20 пайыз қосылып, жұмыс кезеңі үшін төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы күнтізбелік 30 күнге қосымша экологиялық күнтізбелік 7 күн мерзімінде сауықтыру демалысы берілетін болады. Сонымен қатар, жыл сайын сауықтыруға арналған төлемдердің үстіне бір айлық көрсеткіш көлемінде материалдық көмек беріледі. Осылайша мемқызметкер еңбек демалысы кезінде жалпы 3 материалдық айлық ақы алатын болады.

Ал, әкімшілік мамандарының баспананы жалдау мәселесі республикалық бюджет есебінен шешімін тауып, тиісті қолдаулар көрсетіледі. Сондай-ақ, келісім шарт негізде еңбек ететін барлық қызметкерлер де жатақханалармен қамтылады.



Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости