Мұндай жұмыс режиміне «Ashyq» қосымшасы жүйесіне енгізілген кәсіпкерлік нысандары ғана өтеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитариялық дәрігері Н.Нышанов мәлімдеді.
– Вирустың таралу қаупін азайту мен карантиндік шаралар кезінде кәсіпкерлердің қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретін «Ashyq» жобасы сәуірдің 26-нан бастап, еліміздегі барлық өңірлерде жүзеге асырыла бастады. Жоба – кәсіпкерлік нысандардың жұмысын жандандыруға мүмкіндік бермек, – деді Н.Нышанов.
Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Т.Нақыпбеков жобаның қалай жүзеге асатынын баяндады.
«Кез-келген азамат «Ashyq» мобильді қосымшасын «App Store» және «Play Market»-тен телефонына жүктеп алуы керек. Қосымшаға ЖСН нөмірі арқылы қосылып, өзі барған мекемедегі арнайы QR-кодты сканерлейді. Нәтижесінде оның жасыл, көк, сары немесе қызыл түстер арқылы клиенттің мәртебесі көрсетіледі.
Қызыл түс – қоғамдық орында болуын шектеп, оқшаулаудың қатаң режимін сақтауды, сары – пациент үйде оқшаулану режимін сақтай отырып, үйінен 500 метр жерден аспайтын азық-түлік және аппараттық дүкендерге, дәріханаларға баруға рұқсат етілетінін білдіреді.
Ал, көк – ПТР тест міндетті болатын жерлерден басқа орындарда шектеулер болмайды. Жасыл – ешқандай шектеулер жоқ екенін білдіреді және бұл пайдаланушы дерекқорда «Covid-19» теріс нәтижесі бар ПТР-тестілеуден өткен адам ретінде көрсетіледі», – деді Т.Нақыпбеков.
Кәсіпкерлер QR код алу үшін өтінімді www.infokazakhstan.kz сайты арқылы береді. Кинотеатрлар, қоғамдық тамақтану орындары, қосымша білім беру ұйымдары өтінімдерді салалық қауымдастық арқылы береді. QR-код тек бизнес субъектілеріне беріледі.
Сондай-ақ, брифинг барысында облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов өңірдегі екпе егу жұмыстары жөнінде баяндады. Оның сөзінше, вакцина салдыру бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр.
– Облысқа ақпан айынан бастап «Спутник V» вакцинасының 141 700 дозасы жеткізілген. Бүгінгі күнге дейін – 140 565 адам 1-ші компонентпен вакцина қабылдады. Ал, отандық «QazVac» вакцинациясы мыңға жуық адамға егілген. Алдағы уақытта «Спутник-V» 185 мың доза және «QazVac» отандық вакцинасынан 752 мың доза қамтамасыз ету жоспарланып отыр, – деді М.Пашимов.