Түркістанда тіл фестивалі өтті

Dalanews 18 сент. 2018 16:02 929

Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет орталығында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқының тілдері мен мәдениеті және салт-дәстүрі күні мерекесіне арналған «Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі» атты мерекелік шарасы өтті.

Шараның мақсаты – Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық біргейлікті сақтау, ұлттық қод сынды бастамаларға қолдау көрсету.

Айтулы шарада облыстық этномәдени бірлестіктердің қолөнер бұйымдары мен ұлттық аспаптарынан көрме ұйымдастырылды.

Мерекелік жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.

– «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесіне орай түркі дүниесінің қарашаңырағы – Түркістанда өтіп жатқан тұңғыш облыстық тіл фестивалі құтты болсын! Түркістан – қазақ руханиятының алтын бесігі, ұлттық құндылықтардың қазыналы діңгегі. Түркістандықтар тіл мен дәстүр, тарих пен тәрбие тұрғысында байтақ Қазақстанымыздың барлығына үлгі-өнеге болуы керек, – деді ол.

Жиын барысында өңірде тіл саясатының жүзеге асуына лайықты үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Сондай-ақ, облыстық күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы Азимбай Надиров сөз сөйлеп, түркі әлемінің мәдени-рухани астанасында қазақстандықтардың татулығын паш ететін Орталық Азияда теңдессіз көрікті «Бірлік» аркасын салуды ұсынды. Бұл өз кезегінде туристердің тамашалайтын көрікті орнына айналатындығын және бірліктің бір нышаны болатындығы жөнінде атап өтті. Тілдер мерекесінде келешекте облыс орталығында бой көтеретін «Достық» үйінің алғашқы жәдігері ретінде «Достық кілемі» сыйға тартылды.

Салтанатты шарада қазақстандықтардың берекелі бірлігін дәріптейтін «Шаңырақ» поэтикалық-хореографиялық композициясы сахналанып, этномәдени бірлестіктердің жанындағы шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама өтті.

Айта кететіні, қазіргі таңда облыстың барлық аудан, қалаларында мемлекеттік тілді және орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытатын орталықтар жұмыс істейді. Өңірдегі этнос өкілдерінің 84 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген.

 

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости