Түркістанда театр фестивальіне 15 театр қатысуда

Dalanews 24 сент. 2021 12:41 961

Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты мәдениет және халық шығармашылығы орталығы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тұғыры биік Тәуелсіздік» облыстық «Халықтық» (Үлгілі) атағы бар театрлар фестивалін ұйымдастыруда, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Р. Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрында өтетін шараның ашылу рәсіміне облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Басқа өнер түрі сияқты театр өнері де қоғамдық ой-сананың негізгі бір формасы болып саналады. Халықтық театрының құрамында бір кездері мен де бірнеше рөл ойнаған едім. Сондықтан әрбір ұжымның еңбегін бағалаймын және барлық қатысушыға сәттілік тілеймін, – деді А.Темірханұлы.

Фестиваль мақсаты – тарихи қойылымдарды сахналау, театрлардың репертуарында отансүйгіштікке тәрбиелейтін, патриоттық рухты оятатын шығармалардың орын алуына және облыстағы «Халықтық» (Үлгілі) атағы бар театрлардың өнерін насихаттау, бір-бірімен іс-тәжірибе алмасу және шығармашылық байланыстарды нығайту, тығыз қарым-қатынаста болуына ықпал ету.



Үш күнге созылатын театрлар сайысына облысқа қарасты аудан-қалалардан 15 театр қатысады. Өнер ұжымдарының жұмысын жазушы, режиссер, драматург, театр педогогі Асылбек Ихсанов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Айнұр Бермухамбетова және Өнертану ғылымдарының магистрі, театртанушы Тимур Ахметов бағалап, қазылық етеді.

Айта кетейік, өнер сайысында топ жарған өнер ұжымына Бас жүлде, І орын, ІІ орын, ІІІ орын иелеріне, сондай-ақ «Үздік режиссерлік шешім», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел адам рөлі», «Үздік эпизодтық рөлі», «Үздік музыкалық безендірілген қойылым», «Үздік қоюшы-суретші» номинацияларына бағалы сыйлықтар тағайындалған.

Рекомендовать
Последние новости