Түркістан облысының жолаушылар мен автомобиль жолдары саласы цифрландыру қарқынды жүруде

Нұрлан Жұмахан 16 нояб. 2024 09:33 953

Бүгін Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты», «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы филиалы, Шымкент қаласының салалық басқармасы, облысымыздағы жол салушы мердігер, авторлық, техникалық қадағалаушы мекемелері және аудан, қала әкімдіктерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысында автомобиль жолдарын цифрландыру бағытында бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы екі жолаушылар тасымалы бағытының автобустарына жол ақысын электронды төлеу жүйесі жоба енгізіліп, жолаушыларға қызмет етуде.

Бұл жоба аясында қаладағы автобусқа планшеттер мен 120 QR-код орнатылып, жолаушыларға ыңғайлы төлем әдістері ұсынылды. Сонымен қатар, қоғамдық көліктердің қозғалысын бақылау мақсатында диспетчерлік орталық іске қосылды, бұл автобустардың GPS трекерлерімен жабдықталуы арқылы мүмкін болды.

Облыстағы ауданаралық және облысаралық тұрақты бағыттардағы 594 жолаушы тасымалдайтын көлік құралының барлығына GPS құрылғылары орнатылды. Бұл шаралар жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға және көлік қозғалысын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Жалпы, Түркістан облысында көлік саласын цифрландыру бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылып, жолаушылар тасымалы мен жол қозғалысын басқару сапасы арттырылуда.

Мәжіліс барысында автомобиль жолдары саласы бойынша өзекті мәселелер ортаға салынды. Нақтырақ айтқанда, жол жөндеу жұмыстарына жаңа технологияларды қолдану, сметалық құжаттамаларды әзірлеу кезінде нормативтік базаға енгізіліп жатқан өзгерістер және карьерлердің бірыңғай электрондық базасын қалыптастыру, авторлық, техникалық қадағалаушы мекемелер тарапынан туындайтын сұрақтар және облыстағы жол мамандарын қайта даярлаудан өткізу бойынша нақты мәліметтер берілді.

Жиын барысында «ҚазжолҒЗИ» Президенті Алибаева Арман және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Бас директоры Айтбаев Болатбек баяндама жасап, өзекті мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ мердігер мекемелердің және аудан, қала әкімдіктерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.


Рекомендовать
Последние новости