Түркістан облысының автожолдары қысқы маусымға дайын

Dalanews 24 окт. 2019 02:42 716

Түркістан қаласында облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарасты «Оңтүстік жолдары» МКК мамандарының қатысуымен 2019-2020 жылдары қыс мезгілінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарының дайындығы туралы жиын өтті. Басқосуда қысқы кезеңде автожолдарды күтіп ұстау бойынша атқарылып жатқан және қолға алынатын жұмыстар жайы пысықталды.

Айта кетерлігі, Түркістан облысының аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы - 4152,34 шақырымды құрайды. Бұл жолдардың 1943,3 шақырымы - бірінші кезектегі қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдар болса, оның 434 шақырымы – таулы аймақтарда қалың қар басып қалу қаупі жоғары аймақтар.

Алдағы уақытта облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстарына 300-ге жуық адам жұмылдырылатын болады. Ал тұрақты техникалар саны - 138 бірлікті құрайды.


Бұдан бөлек, Бәйдібек, Созақ, Түлкібас, Сайрам және Төлеби аудандары таулы аймақтар болып саналғандықтан, қар көп жауған кезеңде қажеттілігіне қарай аталған аудандарға қосымша көмекке 40-қа жуық арнайы техника тартылмақ. Барлық техникалар толығымен жұмыс істеуге дайын.

Арнайы техникалар жанар-жағармай (бензин, дизель) отындарымен қамтамасыз етіліп, 1075 дана «Тайғақ жол» ескертуші жол белгілері орнатылған. Сондай-ақ, мамандар инертті материалдармен (тұз, құм) 85 пайыз қамтылған. Қалған бөлігі ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін толығымен әзірленетін болады.

Облыс аумағындағы қардың басып қалуы ықтималдығы жоғары Бәйдібек ауданында «Шыбықбел», «Одаманбұлақ» және Созақ  ауданында «Ащысай», «Одаманбұлақ-2» жылыту бекеттері орналасқан.

Жылыту бекеттері төсек орынмен, 60 тонна көмір отынымен қамтамасыз етіліп отыр.


Жоғарыда аталған жылыту бекеттеріндегі отын сол жерді жылы күйде ұстауға толық жеткілікті. Тәулік бойына жылы күйде ұстау үшін кезекші ұйымдастырылған. Жылыту бекеттерінің бір мезгілде 60-70 адамды қабылдауға мүмкіншілігі бар. Азық-түлікпен қамтамасыз ету аудан, қала әкімдіктеріне заң талаптарына сәйкес жүктелген.

Жиын қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың қараша айының 1-жұлдызына дейін 2019-2020 жылдары қыс мезгілінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша дайындық жұмыстарын аяқтау тапсырылды.



Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі

Рекомендовать
Последние новости