Түркістан облысында карантин талаптары жеңілдетілді

Dalanews 19 мая 2021 03:23 978

Түркістан облысында бұған дейін жұмыс уақыттарына шектеу қойылған гипермаркеттер, шағын маркеттер, үй жанындағы дүкендер, моншалар, ашық ауадағы аттракциондар, бизнес-орталықтар мен қызмет көрсету саласындағы нысандар қалыпты жағдайда жұмыс істейтін болады. Бұл туралы журналистермен болған брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Департамент басшысының айтуынша, бұған дейін тыйым салынған балаларға арналған ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне рұқсат беріледі. Ойын алаңдары мен жабық үй жайлардағы аттракциондар 30%-ға толтырыла отырып, сағат 09.00-ден 22.00-ге дейін қызмет көрсетеді.

– Бильярд, боулинг және компьютерлік клубтар да 30%-ға толтырыла отырып жұмыс істей бастайды. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс істеу уақыты 22:00 ден 24:00-ге дейін ұзартылды. Мейрамханалардың банкет залдарында ас беруге рұқсат етілді. Дегенмен толтырылуы – 50%-ға дейін, 50 орындықтан аспау қажет. Сонымен қатар, кітапханалар мен мұражайлардың қызметі, театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, филармониялардың қызметі бұған дейін толымдылығы 20%-ға дейін болса, жаңа қаулыға сәйкес толымдылығы 30% болады. Ал фитнес және спорттық-сауықтыру орталықтарының қызметі сағат 10.00-ден 24.00-ге дейін ұзартылды, – деді Асқар Бекболатұлы.


Жиынға қатысқан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Алтын Досанова өңірдегі эпидемиялық ахуалға тоқталды.

– Түркістан облысында пандемия басталғалы бері «COVID-19» індетімен тіркелген жағдайлар саны бүгінгі таңға 5 956 құрап отыр. Жазылып шыққандар саны – 5 503, қайтыс болғандар – 52. Соңғы тәулікте 17 адам КВИ аурушаңдықпен тіркелген. Қазіргі таңда 598 адам коронавирустық инфекциясымен емделуде, оның ішінде 508-і инфекциялық стационарда, ал 90-ы карантиндік стационарда және 319 адам үй карантинінде бақылауда. Түркістан облысына ақпан айынан бастап жалпы 180 100 доза вакцина жеткізілген. Бүгінгі күнге дейін – 178 379 адам 1-ші компонентпен вакцина қабылдады. Сонымен қатар, 22 ақпаннан бастап ревакцинация өткізіліп, барлығы 43 083 адамға салынды, – деді Алтын Мейрамбайқызы.

Брифингке қатысқан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра АмироваТүркістан облысында 150-ден аса кәсіпкер «Ashyq» жобасы арқылы жұмыс істеп жатқандығын жеткізді.

«Түркістан облысында «Ashyq» жобасына қатысуға өтінім берген кәсіпкерлердің саны күн сайын артып келеді. 18 мамырдағы жағдай бойынша Түркістан облысының кәсіпкерлерінен 223 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 155 нысан QR код алып жұмыс істеуде. Ал қалған өтінімдер бойынша тиісті рұқсат құжаттарын тексеру жұмыстары жүргізіліп, QR код алу үшін жолдануда» деді ол.

Рекомендовать
Последние новости