Түркістан облысында жаңа мұнай өңдеу зауыты салынады

Dalanews 15 нояб. 2018 09:43 1589

Түркістан облысында жылына 2 млн тонна мұнай өңдейтін зауыт салынады. Жалпы құны 95 млрд теңге болатын инвестициялық жоба аясында мыңға тарта жұмыс орны ашылмақ.

«Turkistan Invest» инвестициялық компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа зауыттың құрылысы Ордабасы ауданында жүргізілмек. Оны салуға қазақстандық «Standard Petroleum & Co LLP» компаниясы қаражат жұмсайды.

Бүгінгі күні 250 гектар аумақта орналастыру жұмыстары жүргізіліп, қоршаулар қойылып жатыр. Сондай-ақ, электр желілері тартылып, жол салынуда. «Түркістан» ƏКК» АҚ филиалы – «Turkistan Invest» инвестициялық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылатын жоба 2021 жылы іске қосылады деп күтілуде. Дайын өнім ел аумағында сатылып, қосымша ТМД елдеріне экспортталатын болады.

Қазақстанда Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары бар. Бүгінгі күні осы үш зауыттың да өнім сапасы төмен. Себеп мұнай өңдеу қондырғылары тозған, мұнай өнімдерін өндіру тереңдігі 65-68 пайыздан аспайды. Сол үшін де мұнай өнімдерінің сапасы халықаралық стандартқа сәйкес емес.

Мемлекет басшысы бұған дейін Үкіметке тағы бір мұнай өңдеу зауытының құрылысы бойынша мәселені қарастыруды тапсырған болатын. Еліміз үшін аса қажет мұнай өңдеу зауыты Түркістан облысының аумағында, яғни, Ордабасы ауданында салынбақшы. Жаңа зауыт болашақта Түркістан облысының экономикасының жандануына серпін беретіні сөзсіз.

 

Dalanews.kz

Рекомендовать
Последние новости