Түркістан облысы базарларында кітапхана ашу жобасы басталды

Dalanews 12 янв. 2024 04:42 1781

Түркістан облысында халық көп шоғырланған базарларда кітапхана ашу жобасы қолға алынды. Бүгін сол жобаға сай алғаш рет Түркістан қаласындағы «Қуаныш» сауда орталығында «Фараб» кітапханасының пункті ашылды. Жаңа руханият ордасының ашылуына жергілікті зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер және облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, көптің қуанышымен бөлісті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Халық көп шоғырланған орында білім беру және мәдени платформа құру мақсатында «Базардағы кітапхана» идеясы туындап, бүгін іске асырылуда. Бұл жобаны облыс әкімі Дархан Сатыбалды қолдап, қоғам мәдениетін дамыту бағытында жүйелі шаралар ұйымдастыруды тапсырып отыр.

Өздеріңізге белгілі, өңірде тұрғындардың басым көпшілігі сауда нүктелері арқылы кәсібін дөңгелетіп жүр.

Қарапайым халықтың да жиі келетін орны – базар. Сондықтан да осындағы кәсіпкерлердің кітап оқып, іскерлік тұрғыдан ізденуіне қолдау білдіріп, мәдени ортаны кеңейту мақсатында тың жобаны бастадық.

Қаладағы ең үлкен «Қуаныш» сауда орталығында 1700-ден астам кәсіпкер жұмыс істейді. Күніне орта есеппен 20 мыңнан астам адам келеді. Бүгінгі ашылып жатқан кітапхана бір күнде 70 адамға дейін қызмет көрсетеді, айына орта есеппен 1500 адам қамтиды деп жоспарлануда.


Мұндай тың жобаны әрі қарай да аудан, қалалардағы орталық базарларда жалғастыратын боламыз. Қоғамды кітап оқуға қызықтыратын жаңа жобалардың жандануы оқырманның көбеюіне тікелей әсер етеді. Бастамамызға қолдау білдірген базар иелеріне алғысымды білдіргім келеді. Бүгінгі кітапхана пункті де оқырман игілігі үшін қызмет етеді деп сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мұнда түрлі бағыттағы көркем әдебиеттер мен кәсіпті нығайтуға бағытталған және жігер беретін әлемдік бестселлерден құралған 3 мыңға жуық кітап қоры бар. Туындылар кәсіпкерлерге өз бизнесін дамытуға, тұлға ретінде қалыптасуына үлес қосып қана қоймай,  жаңа әрі креативті идеялардың тууына мүмкіндік бермек.

Халықтың сұранысына сай кітап сөрелері тұрақты түрде жаңартылып отырады. Сонымен қатар арнайы қатарлар немесе шкафтар орнатылып, сол жерде азаматтар оқыған кітаптарын сыйға қалдырады немесе басқа кітаптармен алмастырып оқи алады.

Түркістан облысы әкімдігінің тапсырмасына сәйкес ашылып отырған кітапхана қызметі білімге қолжетімділікті, мәдени құндылықтармен алмасуды көздейді. Сонымен бірге азаматтарға мерзімді басылымдар мен көркем әдебиеттерді, балаларға арналған кітаптарды ұсынады. Оқуға жайлы орта жасап, оқырманмен тығыз байланыс орнатып, келушілердің уақытын тиімді өткізуіне ықпал етеді.

Бүгінде өңірде жалпы 39 базар жұмыс істейді. Онда 7 мыңнан астам кәсіпкер сауда-саттықпен айналысуда. Жоба аясында аудан, қалалардағы үлкен сауда орталықтарында да кітапханалар ашылып, бастама жалғасын табатын болады.


Айта кетейік, Түркістан облысы аумағында 398 кітапхана, 6 миллионға жуық кітап қоры бар. Өткен жылы «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы қолға алынып, нәтижесінде облыстың және аудан, қалалардағы әкімдік ғимараттарында, әлеуметтік нысандарда кітапхана бұрыштары ашылып, кітапқа деген қолжетімділік артты.

Атап айтсақ, қазіргі таңда облыс бойынша әкімшілік ғимаратынан 15 және басқа да нысандарда 8 кітапхананың жылжымалы пункті ашылып, оқырман игілігі үшін қызмет етіп жатыр.

Рекомендовать
Последние новости