Түркістан: Биыл ауылдарда «Ауыл аманаты» бойынша 4500 жұмыс орны ашылады

Dalanews.kz 31 янв. 2024 13:55 2536


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ҚР ауылдық аймақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдардың экономикасын көтеруге мүмкіндік беру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған болатын, – деп хабарлайды Dalanews.kz.


Түркістан облысында аталған бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы және биылға қойылатын талаптар мен өзгерістер жайында облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды. Жиынға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері, аудан, қала әкімнің орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы бөлімнің басшылары, жобаға қатысатын ауылдық округтердің әкімдері, Мансап орталықтарының бөлім басшылары, «Түркістан ӘКК» АҚ және «Ырыс МҚҰ» өкілдері  қатысты.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы «Ауыл аманаты» жобасының ауылдарда жүзеге асыру нәтижелеріне тоқталып, жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамаған ауыл әкімдерін сынға алды. Биыл  несие алушыларға қойылатын талаптарға тоқталып, тиімді ұсыныстар айтты.


– Өткен жылы жүйелі жұмыстар жүргізілді. Дегенмен, кемшіліктер де бар. Несие алушыларға да талаптар көп болмады. Осы жылы ең басты көрсеткіш – жаңа жұмыс орындарын ашу. Ауылдарда тек мал шаруашылығын ғана емес, балық және құс шаруашылықтарын дамыту керек. Бағдарламамен бір ауданнан төрт ауыл қаржыландырылса, 4 түрлі өнім өндіруді қолға алған жөн. Әр ауыл өз мүмкіндігі мен бейімділігіне қарай бағыт таңдасын. Ауыл әкімдері, ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізіңіздер. Мерзімінен кешіккен ауылдарға қаржы бөлінбейді. Өткен жылғы орын алған кемшіліктер қайталанбасын, – деді облыс әкімінің орынбасары.


Түркістан облысында өткен жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС бірлесіп, аталған бағдарламаны іске асыру жұмыстарын жүзеге асырды. Былтыр республикалық бюджеттен Түркістан облысына бағдарлама аясында 19,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаржыға 3220 несие алушыны қаржыландырып,  3413 жаңа жұмыс орнын ашу міндеттелді. 2023 жылдың соңына дейін аталған қаражат толық игеріліп, 3 215 соңғы несие алушы қаржыландырылды. Нәтижесінде 3517 жаңа жұмыс орны ашылды. Яғни, белгіленген жоспар 103 пайызға орындалған.


Бағдарлама аясында үлестірілген қаржының мақсатты жұмсалуын тексеру мақсатында «Ырыс» МҚҰ» ЖШС мониторинг бөлімінің менеджерлері мониторинг жұмыстарын жүргізді.  Бірқатар кемшіліктер анықталып, несие қаражатын мақсатты жұмсамаған несие алушыларға кемшіліктерді жою үшін  қосымша 1 ай мерзім берілді. Белгіленген мерзімде кемшіліктерді жоймаған 6 несие алушының іс-әрекеті несие комитетінде қаралып, тиісті іс-шаралар жүргізілуде.


Биыл 62 ауылдық округ жобаға қатысып, 62 коператив құрылады. Нәтижесінде 2640 жоба жүзеге асырылып, 4416 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.



Рекомендовать
Последние новости