Тұрғымбаев елге ескерту жасады

Dalanews 04 сент. 2019 11:07 723

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Жаңаөзендегі митингіге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, бір топ адам Қазақстанда 55 қытайлық кәсіпорын ашылады деп көшеге шыққан.

"Бұл ақпарат жалған, мұндай ешқандай кәсіпорын ашылғалы жатқан жоқ. Бірлескен кәсіпорындар, инвестициялар бар. Алайда қазір әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарап жатыр, ол заңсыз. Егер ол жерде заңсыз шерулерге үндейтін болса, ішкі істер органдары митингілердің жолын кеседі", - деді ол мәжіліс кулуарында.

Тұрғымбаев қазір Жаңаөзенде бәрі тыныш екеніне сендірді. Айтуынша, кеше облыс әкімі тұрғындармен кездесіп, барлық сұрағына жауап берген.


2 қыркүйекте Жаңаөзенде жүздеген адам әкімдіктің алдына жиналған еді. Олар Қазақстанда қытайлық зауыттардың құрылысына тыйым салуды талап еткен.

Кейінірек сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев брифинг өткізіп, Қытайдың ескі зауыттары Қазақстанға көшіріледі деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген болатын.

Рекомендовать
Последние новости