Дональд Трамптың тарифтерге қатысты 90 күнге "демалыс" жариялағаны туралы жаңалықтан кейін бір түнде Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 60-тан 65 долларға көтеріліп, бірнеше күнгі құлдыраудан кейін аздап "басын тіктеді". Алайда таңертең баға 64 долларға қайта аздап төмендеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Нақтырақ айтқанда, АҚШ президенті өзі енгізген жаңа тарифтерді 75 елге қатысты уақытша тоқтатты. Олар - Қытай мен Еуропалық одақ секілді қарсы шара қабылдамай, келіссөз жүргізуге дайын екендіктерін білдірген елдер. Ал Қытай импорттарына енгізілген баж салығы күн өткен сайын зорайып, 125%-ға бір-ақ жетті. Бұған АҚШ әкімшілігі "құрмет танытпау" және Пекиннің шағылыстыру тәсіліне жүгінуі түрткі екенін айтады. Қалай болғанда да нақ осы шара әлемдік нарықтардағы бағаларға, тіпті ірі корпорация акцияларының құнына да теріс әсер етуде. Бұл жайт, әсіресе, мұнай табысына байланған Қазақстанды да састыруда. Кеше кешкісін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы мен Ұлттық Банк төрағасының қатысуымен шұғыл жиын өткізді. Жиында әлемдік нарықтағы тарифтік қақтығыстардың салдарынан энергетика ресурстары және негізгі тауарлар бағасының құлдырауына байланысты ел экономикасында қалыптасқан ахуал қаралды. Ал Үкімет ел дамуының пессимистік сценариін әзірлеуді қолға алды. Онда да мұнайдың бір баррелі 55-50 доллар болған жағдайда дегенге дайындық тұрғысында.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, мұнай бағасындағы өзгерістерге сауда соғысы әсер етті деп есептейді.
"Дональд Трамп сауда соғысын 90 күнге тоқтатып қойды. Осыдан кейін Brent мұнайының бағасы бірден 64 долларға көтерілді. Сірә, жаһандық сауда соғысы тым көп маңызды мүдделерге әсер еткен сияқты", – дейді саясаттанушы.
Ал экономист Ғалымжан Айтқазин мұнай бағасының аздап көтерілуі мен Трамптың соңғы шешімі ғаламдық рецессия қауіп-қатері төмендеп, сауда-саттық ағыны қалпына келеді деген үміт отын тұтандыратын белгілі екенін айтады.
"Әрине, Трамп жариялаған үзіліс келіссөздерге мүмкіндік береді, бірақ жағдайдың қайта ушығуына кепілдік бола алмайды. Өйткені АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі әлі сақталып отыр, демек ғаламдық экономикаға қатысты қауіп-қатер де әлі толығымен сейілген жоқ. Алдағы аптада, меніңше, нарықтағы жағдайлардан гөрі, келіссөздер хаттамалары әлдеқайда ерекше рөл атқаратын болады", - дейді ол.
Goldman Sachs Трамптың тарифтер бойынша үзіліс жариялағаны туралы мәлімдемесінен соң өз болжамын қайта өзгертті.
"Қазір біз рецессияны қарастырмайтын базалық болжамымызға қайта оралудамыз. Оған сәйкес, 2025 жылы ЖІӨ өсімі - 4Q, инфляция - 3,5%, рецессия ықтималдылығы 45% деп болжанады. Ал Федералды резерв базалық мөлшерлемені 25 базалық пунктен маусым, шілде, қыркүйек айларында үш рет қатарынан төмендетуі мүмкін", делінген америкалық инвестициялық банкі хабарламасында.
Бұл да "әлемдік нарықтардағы аласапыран басылады" деп көптің үкілеген үмітіне де аздап болсын арқау.
Бұған дейін сайтымызда "Мұнайдың бір баррелі 40 долларға дейін арзандауы мүмкін - Goldman Sachs" атты мақала жарияланған болатын.