Трамп Украинаны үгіттеу арқылы Ресейді қолдап отыр - саясаттанушы

Көркем Алдабергенова 28 апр. 2025 15:10 2455

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленский таяуда тағы кездесіп, сөйлесті. Әр кездесуде екі ел арасындағы қақтығыс шешілердей күй болады. Саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов Трамптың Ресей-Украина қақтығысын шешудегі рөлі туралы ойын ашып айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Саясаттанушының сөзінше, Дональд Трамп Украина мен Ресейге қатысты өз ұстанымын әлеуметтік желіде, БАҚ-та ашық білдіріп келе жатыр.

"Ол бұл қақтығысты өте қысқа мерзімде тоқтатуға болатынын, тіпті президент болған уақытта 24 сағаттың ішінде бейбіт келісім орната алатынын бірнеше рет айтты. Трамп соғысты тоқтату үшін нақты қандай қадамдар ұсынатынын толық ашып айтпаса да, нақты әрекеттер көрсетілмесе де оның риторикасынан байқалатын нәрселер бар. Осы тұста бес негізгі факторды атап өткім келеді. Біріншіден Трамп Ресей мен Украинаны тікелей келіссөзге шақыруда және тез ымыраға келуді талап етіп отыр. Ол бұл риторикасын айтқан кезде: "Егер Мәскеу не Киев бейбіт келісімге келуді қиындатса, АҚШ бұл келіссөзден бас тартып, тыс қалатынын ескертті. Яғни бұл арқылы Трамп екі тарапқа да қысым жасап, жылдам нәтижеге қол жеткізгісі келіп отырғанын аңғартты. Мысалы мұндай тактиканы ол Израиль-Палестина қақтығысы кезінде қолданды", - дейді Қазыбек Майгелдинов. 

Екіншіден, Трамп Украина тарапын сынап сөйлейді. Кейде қақтығыстың басталуына Киевті кіналап, мәлімдемелер жасады.

"Мысалы Зеленский үкіметін соғысты дипломатиялық жолмен шешпеді деп айыптады. "Бұл соғысты сендер бастамауларың керек еді, келісімге келу керек еді" деген секілді мәлімдемелер айтты. Сонымен қатар, Украинада әскери жағдайға байланысты сайлау өткізілмей жатқанын сынап, "сайлаусыз диктатор, Зеленский сайлау өткізбесе қолында елі де қалмайды" деді. Яғни Трамп Украинаны сынау арқылы олар келісімге көнбей отыр дейді. Шын мәнінде соғысты бастаған Ресей. Зеленский соғыс жағдайында сайлау өткізе алмауы әскери жағдайға байланысты болып отыр деп айтқан болатын. Демек Трамптың сөздері Ресейге қарағанда Украинаға қатаңырақ позицияда екенін көрсетті", - дейді саясаттанушы. 

Үшіншіден, Трамп ұстанымының маңызды қыры - Украинаны белгілі бір мәселеде ымыраға келуге шақыруы. Трамп қандай ұсыныстар айтты?

"Трамп Ресейдің кейбір талаптарын қолдағандай сыңай танытты. Себебі АҚШ президентінің ымыраға келу жоспарына сәйкес, Украинаның НАТО-ғ қосылуына қарсы. Трамп командасы Украинаның бейтарап мәртебесін сақтап, НАТО-ға мүше болмауын бейбіт келісімнің алғышарты ретінде көретінін аңғаруға болады. 

Трамп Ресейдің жаулап алған аумақтарына қатысты да ымыраға келуге дайын екенін байқатты. Мысалы АҚШ президенті ұсынған бейбіт жоспардың ішінде Қырымды Ресейдің бір бөлігі деп тану, 22 жылдан бері Ресей бақылауына өткен Украинаның шығыс және оңтүстігіндегі жерлерді Ресейге қалдыру секілді мәселелер бар. Басқаша айтқанда соғыс басталғалы Ресей жаулап алған 20 пайыз жерді Ресейге беру шарты қаралып отыр. Сосын Украинаның НАТО-ға мүше болмауы және батыс санкцияларын алып тастау бар. Мұның бәрі Мәскеуге тиімді тармақтар. Бұл Украинаның егемендігіне ауыр соққы болғанымен, Трамп осылай соғысты тоқтата аламыз деген сыңай танытып отыр", - дейді сарапшы. 

Бесіншіден Трамп көзқарасында АҚШ одақтастарымен қарым-қатынасын қайта қарау мәселесі тұр. Яғни Еуропа елдерінің Украинаға көбірек көмектесуі керек дейді. АҚШ-тың дәстүрлі қауіпсіздік міндеттемелері азаюы керек, себебі біз басқа бағыттарға көңіл бөлеміз дейді.

"Бұл Вашингтонның Еуропадағы қауіпсіздікке қатысуын қысқартып, осылайша Еуропа Украинаға көмектесуде көбірек ықпал етуі керек деп есептейді. Трамп үшін басымдық - АҚШ мүддесі. Қорыта айтқанда Трамптың ұстынымы - Украина Ресей қақтығысын тез аяқтау. Ол өзін бітімгер ретінде ұсынып отыр", - дейді маман. 

Трамп мәлімдемелерінің соғысқа ықпалы қандай? 

"Трамп "мен президент болғанда, бұл соғыс болмас еді" дейді. Трамп әкімшілігі Путиннің стратегиясын қолдайтынын көріп отырмыз. Оны Трамптың мәлімдемелерінен байқап отырмыз. Сонымен қатар, Украинаға психологиялық, саяси ықпал жасалып отыр. Украина Вашингтон билігіне кім келсе де халықаралық құқық принципінен таймау керегін көрсетті", - дейді саясаттанушы. 

Трамптың Украинаға тым көп көмек бермеу идеясы АҚШ саясаткерлеріне әсер етіп, ол өз кезегінде соғыс динамикасына ықпал етіп отыр.

"АҚШ әкімшілігі Ресейдің ығына жығылып отыр. Мысалы екі ел Эр-риядта Украинасыз кездесті. Бұл - нонсенс. Егер АҚШ бітімгер болса, екі тарап та болуы керек. Еуропа оған алаңдап, бөлек кездесті. Нәтижесінде Еуропа мен АҚШ арасындағы алауыздықты көрдік. 

Трамп әкімшілігі қантөгісті тоқтатуға ынтасы бар десе, екінші жағынан Украина мүддесі ескерілетін әділетті бейбітшілік болуы керек деп жатыр. Бұдан байқайтынымыз Еуропа Украина жағында, Трамп Украинаны соғысты аяқтауға үгіттеу арқылы Ресейді қолдап отырғанын көріп отырмыз. Трамптың мәлімдемелері екі елдің бағытында әсер етіп жатыр деп айта аламыз", дейді Қазыбек Майгелдинов. 

Трамптың әу баста көздегені тараптарды жылдам ымыраға келтіру, соғысты тоқтату болды. Алайда соңғы 2-3 айда байқап отырғанымыз ол тек Украинаға тікелей ауыртпалық болмақ. 

"Түйіндей айтқанда Трамп уәде еткен тез шешім Украинаны өз жерінің бір бөлігінен бас тарту арқылы соғысты тоқтату дегенге сайып отыр. Мұндай шешім қалай жүзеге асуы мүмкін? Менің ойымша ол өте қиын. Украинаның бұған келісуі екіталай. Украина ешқашан өз жерін Ресейге бермейді", - дейді маман. 


Рекомендовать
Последние новости