"KEGOC" АҚ 2024 жылдың қорытындысы бойынша таза пайданың 75,6%-ын дивидендке бөледі. Бұл туралы 2025 жылғы 28 сәуірде компания акционерлерінің жылдық жалпы жиналысы барысында белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"2024 жылы KEGOC-тың таза пайдасы 59,5 млрд теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 37,1%-ға артты. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы үшін бір жай акцияға есептелген дивидендтер көлемі – 82,40 теңге, ал екінші жартыжылдық үшін – 81 теңге болды. Осылайша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша таза пайданың 75,6%-ы, яғни 44,98 млрд теңге немесе бір жай акцияға 163,40 теңге дивиденд ретінде бөлінеді", деп нақтылайды компания.
2024 жылдың екінші жартыжылдығы үшін дивиденд алуға құқылы "KEGOC" АҚ акционерлерінің тізімі 2025 жылғы 28 мамырда тіркеледі. 2024 жылдың екінші жартыжылдығына арналған жай акциялар бойынша дивидендтерді төлеу 2025 жылғы 4 маусымда басталады.
Сондай-ақ жиналыс барысында 2024 жылы Қазақстанда электр энергиясы тұтынысы 4,3%-ға артып, 120 млрд кВтс құрағаны, ал өндіріс көлемі 4,5%-ға өсіп, 117,9 млрд кВтс болғаны да айтылды.
"Өсіп келе жатқан жүктемеге қарамастан, KEGOC энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етті. KEGOC ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруда: Қазақстан Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) Оңтүстік аймағының электр желілерін күшейту және Батыс аймақты Қазақстан БЭЖ-іне қосу жобалары белсенді іске асуда, негізгі жабдықтары жеткізілді. Екі жоба да 2027 жылы аяқталады. 2025-2026 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындық шеңберінде сәуір айында жөндеу науқаны басталды. Жоспарға сәйкес 99 электр жеткізу желісі мен 43 қосалқы станция жабдықтарын жөндеу көзделген. Экономикадағы мемлекеттік қатысуды азайту тапсырмасына сәйкес, "Энергоинформ" АҚ еншілес ұйымын қайта құрылымдау және оны "KEGOC" АҚ құрамына қосу мәселесі қаралуда", делінген компания хабарламасында.
Бұған дейін QazaqGaz 2026-2027 жылдары IPO-ға шығарылуы мүмкін екенін жазғанбыз.