QazaqGaz 2026-2027 жылдары IPO-ға шығарылуы мүмкін

Кәмшат Тілеухан 28 сәу. 2025 10:07 241

QazaqGaz 2026-2027 жылдары IPO-ға шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz Интерфакс-Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

"Бүгінгі таңда QazaqGaz-дың IPO-сы жекешелендіруге жататын активтер тізімінде тұр. Алдын ала мерзімі - 2026-2027 жылдар",  делінген ұлттық компанияның агенттікке берген жауабында.

Бұған дейін Үкіметте есеп берген "QazaqGaz" ҰК" АҚ Басқармасының төрағасы Санжар Жаркешов ұлттық компания қаржылық сауықтыру кезеңін аяқтағаннан кейін, трансұлттық жобаларды іске қосқанын айтқан еді. Бұл компанияның инвестициялық тартымдылығын едәуір арттырды. Оның айтуынша, аталған бастамалар Президенттің ұлттық компанияларды IPO-ға шығуға дайындау тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. 

Сондай-ақ, компанияның Баға саясаты және мониторинг департаментінің директоры Нұрсұлтан Ешмұхан БАҚ-қа берген бір сұқбатында компанияны биржаға шығару туралы "әділ газ нарығын" құрып, шығынға жұмыс істеуден арылғаннан кейін сөз қозғауға болатынын айтқан еді. Яғни, газдың көтерме бағасын ырықтандыру бұл арада маңызды рөл атқарады. Әйтпесе, қазіргі уақытта газдың өзіндік құны ішкі нарықтағы сатылым бағасынан жоғары.

Айта кетсек, 2024 жылдың соңында "Самұрық-Қазына" мемлекеттік қоры 2025 жылы QazaqGaz акцияларын биржаға шығаруға әлі ерте, сондықтан IPO-ны өткізуді кейінге шегеруге ниетті екендіктерін мәлімдеген. Дегенмен қор да, ұлттық компания да бұл шараға дайындық жүріп жатқанын жоққа шығармаған.

QazaqGaz "Самұрық-Қазына" мемлекеттік қорының портфельдік компаниясы болып табылады. Компания магистральдық газ құбырлары мен газ тарату желілері арқылы тауарлы газды тасымалдау жөніндегі орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады, халықаралық транзитті қамтамасыз етеді және ішкі және сыртқы нарықтарда газ сатумен айналысады, құбырлар мен газ қоймаларын игереді, салады, қаржыландырады, және пайдаланады.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар