Қазақстан экономикасына инвестиция салуда Ресей аса белсенділік танытса, ал АҚШ күрт бәсеңдеген

Кәмшат Тілеухан 28 апр. 2025 16:50 188

Ресей Қазақстанға жасалатын инвестиция көлемін ұлғайтып жанталасып жатса, ал АҚШ, керісінше оны қысқартуда. Соңғы бес жылдың қорытындысы бойынша, еліміздің басты инвестиция көзі Нидерланды (30,3 млрд долар), одан кейін Ресей (11,7 млрд долар), ал үшінші орында кейінгі кездері инвестициялық белсенділігі күрт бәсеңдеген АҚШ (10,3 млрд доллар) тұр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"АҚШ-тың белсенділік көрсеткіші төмендеді. 2023 жылы АҚШ-тағы ТШИ шамамен 80%-ға төмендесе, ал 2024 жылы таза әкетілген қаражат 870 млн АҚШ долларын құрады. Керісінше, Ресей белсенділігін күшейтуде: 2023 жылы оның инвестициясы 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге өсті", - дейді  Freedom Finance Global компаниясының талдаушысы Аңсар Абуев.

Кен өндіру секторы ең ірі ТШИ алушы болып қалса да (2024 жылы 6,4 млрд АҚШ доллары), соңғы жылдардағы серпін Қазақстан экономикасының әртараптандырылғанын көрсетеді. 2024 жылы 17 млрд АҚШ долларынан астам шетелдік инвестиция әр түрлі секторға бөлінді.

"Шикізат емес салаларға көптеп назар аударылуда: сауда және автокөлік жөндеу (5,3 млрд АҚШ доллары), өңдеу өнеркәсібі, телекоммуникация және қаржылық көрсетілетін қызметтер. Бөлшек және көтерме сауда ерекше көзге түседі, бұл жағдай ішкі нарықтың жанданғанын және халықаралық ритейлердің мүддесін білдіреді", - дейді Абуев.

2024 жылы инвестициялардың ең ірі көлемі Алматы қаласына тиесілі, ол 5,8 млрд АҚШ долларын құрайды. Мұндай көрсеткіш қаланың қаржылық және іскерлік инфрақұрылымының дамуымен, оның сауда, қаржы және қызмет көрсету саласында жұмыс жасайтын компаниялар үшін тартымдылығымен түсіндіріледі.

Батыс Қазақстан облысына өзінің мұнай газ жобаларымен 1,9 млрд АҚШ доллары тартылды. Атырау облысына бір жыл ішіндегі көлемнің тербелісіне қарамастан 1,86 млрд АҚШ доллары тартылды. Маңғыстау облысына мұнай газ мамандандырудың арқасында 1,15 млрд АҚШ доллары тартылды. Ал орталық және оңтүстік өңірлердегі инвестициялық белсенділік төмен деңгейде қалып отыр.

Сондай-ақ сарапшы Орталық Азия мен Қазақстанды салыстыра кетті. Оның айтуынша, егер Солтүстік және Орталық Азия өңірі жайында айтсақ, онда Қазақстанға барлық инвестицияның 70%-ға жуығы тиесілі болғандықтан, ол алдыңғы қатарда орналасқан.

"Оң ықпалға қарамастан, шикізат салаға шетелдік инвестицияның шамадан тыс тәуелділігі күтпеген сыртқы экономикалық өзгерістердің алдында осалдық тудырады. 2023 жылы мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуі және шетелдік акционерлердің табысты белсенді репатриациялауы аясында ТШИ жалпы ағыны 16,9%-ға қысқарып, 2022 жылғы 28,2 млрд АҚШ долларына қарағанда 23,4 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте капиталдың таза әкелінуі 6,5 АҚШ долларынан 3,2 млрд АҚШ долларына дейін шамамен екі есеге төменді. Бұл өзгерістер өңдеу өнеркәсібі, цифрландыру, көлік дәліздері сияқты шикізат емес секторларына ұзақ мерзімді капиталды тартуға инвестициялық стратегияны қайта қарау мен күш-жігерді шоғырландыру қажеттілігін атап өтеді", - дейді Абуев.

Ол Қазақстан инвестициялық климатты жақсартуда мынадай амалдар қолдануда: реттеуші рәсімдер оңайлатылуда, инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктері күшеюде. Шетелдік капиталдың қысқа мерзімді өсуге ықпал етіп қана қоймай, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және инновацияларды енгізу негізінде орнықты дамуды қамтамасыз етуі үшін жағдай жасау басты бағдар.

Оның айтуынша, Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар энергетика, өңдеу өнеркәсібі, көлік және телекоммуникация сияқты болашағы неғұрлым зор салаларға дәстүрлі түрде бағытталуда.

"Инвестицияның өсуі осы секторлардың дамуына және онда жұмыс жасайтын компаниялардың орындарын нығайтуға ықпал етеді. Оның үстіне мұндай салымның мультипликативті әсері болады, ол өз кезегінде сектордағы акциялардың құнына да әсер етеді. Инвестициялық портфелге шетелдік инвесторлардың үлкен назарын аударып жатқан салалардың өкілдерін қосу арқылы жеке инвесторлар активтердің одан әрі өсіп, ұзақ мерзімді орнықтылығына назар аударады", - дейді ол.

Портфелдік инвестициялар өсуде: шетелдік инвесторлар мемлекеттік облигациялар мен Қазақстан Республикасының ноталарына салымды 1,08 трлн теңгеге дейін ұлғайтты, ал олардың қысқа мерзімді ноталардағы үлесі 14%-ға жетті.

"Акциялар нарығында олардың айналымдағы үлесі 29%-дан асып кетті, бұл жағдай қазақстандық қор активтеріне деген қызығушылықтың өсіп жатқанын білдіреді. Бұл ретте шикізат салаларға тәуелділік және сыртқы сұраныстың тұрақсыздығы тәуекелі сақталуда. Орнықты да, теңдестірілген өсуді қамтамасыз ету үшін, Қазақстан өңдеу өнеркәсібіне, инновацияларға, логистикаға, "жасыл" жобаларға және цифрлық экономикаға инвестициялар тарту үшін жұмысты күшейтуі керек", - деді ол.

Сондай-ақ сарапшы 6-12 ай деңгейінде өсуге мүмкіндігі бар, қызметі мынадай тікелей инвестициялардың арқасында белсенді түрде дамып жатқан секторлармен байланысты қазақстандық компаниялар барын мысалға келтірді: Қазатомөнеркәсіп, Қазақстан Халық Банкі , Kaspi.kz , ҚазМұнайГаз, ҚазТрансОйл, Қазақтелеком,  Air Astana.

Бұған дейін "KEGOC" АҚ 2024 жылдың қорытындысы бойынша таза пайданың 75,6%-ын дивидендке бөлгелі отырғанын жазғанбыз.


Рекомендовать
Последние новости