"Біз ешкімнің отары емеспіз!". Өзбектер Лавровқа қарымта қайтарды

Көркем Алдабергенова 25 апр. 2025 15:21 786

Өзбек шенеуніктері өзбек елінде орнатылған ескерткіште орысша жазу жоқ деп "ренжіген" Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа жауап қатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сергей Лавров Самарқандқа екі күндік ресми сапармен барған болатын. Сапар барысында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесу және Бахтиёр Саидовпен келіссөздер өткізу жоспарланған.

23 сәуір күні Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Самарқандқа жасаған сапары барысында «Қайғылы жамылған ана» мемориалының жанында орыс тіліндегі жазудың болмауына назар аударған.

Ескерткіштің екі жағында жазулар бар – бірі өзбек тілінде, екіншісі ағылшын тілінде. Ресей СІМ басшысы ескерткіште қаза тапқан жауынгерлерге арналған сөздер тек ағылшын тіліне аударылғанын айтты. Онда: «You are always in our heart, my dear» («Сен әрқашан біздің жүрегіміздесің, қымбаттым») деп жазылған.


Фото: haqqin.az

– Сіздерге ағылшындар қайдан келіп жүр? Мынау ағылшын тілінде жазылған екен, – деді ол экскурсоводқа қарап.
– Мұнда барлық тілде жазылған негізі. Бұл – туристік қаласы ғой, – деп жауап берді ол.
– Орысшасын көріп тұрған жоқпын, – деп жауап қатты министр.

Әңгіме барысында Өзбекстанның сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов та қасында болды.

Келіссөздер аясында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды дамыту, Еуразиялық интеграция және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына дайындық мәселелерін талқылаған болатын.

Кейінірек Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен және сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша өткен брифингте Сергей Лавров Өзбекстанда «орыс тілінің позициясын нығайтуға» бағытталған күш-жігерге қолдау білдірді.

Ол Өзбекстанда күнделікті өмірде орыс тілін белсенді қолданатын шамамен бір миллион отандастың тұратынын атап өтті.

«Ресей Өзбекстан басшылығының, атап айтқанда Шавкат Миромонұлы Мирзиёевтің, ұлтаралық үйлесімді сақтау және орыс тілінің позициясын нығайту жолындағы күш-жігерін үнемі қолдайды. Бұл тіл Өзбекстанда ұлтаралық қатынас тілі ретінде, сондай-ақ ресейлік мәдени және тарихи мұраның бір бөлшегі ретінде қызмет етіп келеді», – деді Лавров.

Өзбек шенеуніктерінің жауабы

Ресейдің сыртқы істер министріне Өзбекстан Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасының депутаты Одилжон Тожиев жауап берді. Депутат ресейлік саясаткерге қысқа, бірақ нық жауап қайтарды.

"Өзбек халқы тілді міндет емес, мүмкіндік ретінде таңдайды. Шетел тілін жасанды түрде насихаттау – сүйіспеншілік емес, керісінше, қарсылық тудырады. Егер Мәскеудің басты алаңында өзбек тілінде жазу пайда болса, онда бұл туралы ойлануға болады", – деп жазды депутат.


parliament.gov.uz

Сонымен қатар, «Миллий тикланиш» партиясының жетекшісі Алишер Қадыров Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Өзбекстандағы орыс тілінің мәртебесіне қатысты сөздеріне өз ұстанымын білдірді.

«Ресейлік саясаткерлер Өзбекстанда орыс тілі мен мәдениетіне деген көзқарасты кез келген жолмен нашарлатуға тырысып жатыр. Неге біздің жастар ешкім мәжбүрлемесе де ағылшын, неміс, түрік және араб тілдерін үйренуге ұмтылады? Министр Лавров күшпен талап етілген құрмет пен жалған қажеттілік кері әсерге әкелетінін жақсы түсінеді», – деп жазды Қадыров Telegram парақшасында.


podrobno.uz

Сергей Лавровтың сөзіне Журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің ректоры Шерзодхон Кудратхожа да пікір білдірді.


stv.uz

Ол әр елдің ескерткіштер мен тақтайшаларда қай тілде жазу жазатынын өзі шешуге құқылы екенін айтты.

«Бір мемлекеттің министрі келіп, біздің ішкі шешімдерімізді сынауы – дұрыс емес. Біз ешкімнің отары емеспіз!» – деді ректор.


Рекомендовать
Последние новости