Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым Алтынбек Сәрсенбаев пен Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы қарым-қатынастың қалай шиеленіскенін ашып айтты. Бұл туралы ол Адал адам YouTube арнасында баядады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Саясаттанушының айтуынша, Назарбаев пен Сәрсенбаев арасындағы ала мысық бір күнде жүгіріп өтпеген.
“Бұл бір сәтте туындаған арпалыс емес. Мемлекеттік қызметте жүріп, ұзақ жылдар бойы күрес болды. Қолымыздан келмеген істер көп еді. Бастаған реформаларымыздың аяқсыз қалған кездері де болды”, — дейді ол.
Айдос Сарымның айтуынша, биліктегі ықпалды тұлғалар қаржы саласын өз уысында ұстап, реформаторлардың жолын кескен.
“Кедергілер көп болды. Мәселен, телевизия саласындағы реформаларды тоқтатып тастады. Барлық қаржыны Дариғаға ғана бағыттады. Біздің қолымыздағы негізгі құралдарды тартып алып, жекешелендіріп жіберді. Осындай әділетсіздіктер кез келген министрдің жігерін құм қылады. Президент сөзіңді елемесе, жұмысың жүрмейді ғой”, — деп жауап берді ол.
Депутат Алтынбек Сәрсенбаев пен Марат Тәжиннің бір кездері тандем құрып, жүйенің кемшіліктеріне қарсы бірге тұрғанын еске алды. Алайда 2001 жылдан бастап олардың жолы екіге бөлінген.
“Сол кезде Алтынбек Сәрсенбаев пен Марат Тәжиннің тандемы, яғни ашық хаттары көп проблеманы шешуге, көп қауіп-қатердің алдын алуға себеп болды. 2001 жылдан бастап жағдай өзгерді. Екеуі екі жаққа кетті. Біреуі елшілікке, біреуі басқа қызметке ауысты. Басқа адамдарды таңдай бастады”, — деп қосты ол.
Саясаттанушы 2004 жылы Алтынбек Сәрсенбаевтың мемлекеттік қызметке қысқа мерзімге оралған кезеңі туралы да айтты.
“Біз Президент атынан Астанада 4 күн жаттық. Түрлі кездесулер өтті. Сәрсенбаев ұсыныстарын айтты: "Егер келіспесеңіздер, мен халық алдына шығып, мәлімдеме жасаймын" деді. Сол кезде мен барлық телеарнаға барып, оның айтқан мәтінін өз қолыммен бердім. Дикторлар 4 минут бойы мәтінді еш картинасыз оқыды. Сол арқылы Алтекең өз талабын жеткізді: "Мен осындай мақсатпен оралдым. Егер орындалмаса, кетемін" деді”, — деп еске алды Айдос Сарым.
Оның айтуынша, Сәрсенбаевтың сол мәлімдемесі сайлауға белгілі бір өзгеріс әкелген.
“Сол кезде бір сәтте 50-60 шақты газетті тіркеп алдық. Бұл үлкен жеңіс болды. Бірақ сайлау әділетті өткенде, бәлкім, Қазақстанның тарихы басқаша жазылар ма еді”, — деді саясаттанушы.
Сөз соңында Сарым ашық қарсыластықтың арты қайғылы оқиғамен жалғасын тапқанын жеткізді.
"Ат құйрығын кесіскеннен кейін, ашық текетірес өлімге әкелді. Менмендік ешқашан жақсылыққа апармайды", — деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін Айдос Сарым «Sadaq media» арнасына берген сұхбатында Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне қатысты деректер айтқан еді.
Оның айтуынша, Алтынбектің қазасын Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырудың қажеті жоқ.
"Кезінде Рысбек Сәрсенбаев ағамыз эмоциямен біраз дүниені айтып жіберді. Әлі де айтып жүр. Бірақ оған дәлел жоқ қой. Ол жерде Назарбаевтың құлағы көрінуі мүмкін. Бірақ әділет деген болуы тиіс қой, жобалап, ымдап болса да дәлелдей алған адам жоқ. Мен өз басым Алтынбектің өлімін Рахат Әлиевке жақындатам. Алтынбекпен жылдап араласқан, әлі күнге дейін сол ортада жүрген біраз азаматпен араласам. Бірақ олардың ешқайсысы да тікелей Назарбаевтан көріп жатқан жоқ.
Бұл Рысбектің өзінің ұстанымы, өзінің жеке пікірі. Кезінде Алтынбектің жанында жүрген, қағазын жазып беріп жүрген Рысбек емес, мен болатынмын. Мен оны жақсы білемін", дейді Айдос Сарым.
Сондай-ақ ол Алтынбек Сәрсенбайұлының кезінде өте кекшіл болғанын айтады. Бірақ уақыт өте келе өзгерген.
«Алтынбек өте кекшіл адам болды. Көп адамды жек көрді. Солардың бірі – Серік Әбдрахманов еді. Екінші бір адам болды. Ол - Балташ Тұрсынбаев болатын. Бірақ уақыт өте келе өзгерді, саналы ғұмырында өзінің жек көретін адамдармен татуласып, солардың деңгейіне түсіп, сөйлескенін көрдім», - дейді депутат.