"Өз өмірім үшін қорықтым". Куәгер Жақсыкелді сотта қанды оқиға болған түнді баяндады

Қаракөз Амантай 28 апр. 2025 16:56 173

Бүгін Шерзат ісі бойынша сот процессінде екінші куәгер — Дана Жақсыкелдіден де жауап алынды. Ол қайғылы оқиға болған түнді егжей-тегжейлі баяндап берді. Куәгер бірқатар сотталушыны танитынын да жасырмады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, екінші куәгер Эльмира Нұрбекова екеуін сол түні Сакиев Равиль дәмханаға шақырған.

"4 қазанға қараған түні Равиль бізді — Эльмира екеумізді "Эйфория" кафесіне шақырды. Сол жерге бірге бардық. Кафенің алдында Абзал, Нұрқияс және Равиль үшеуі қарсы алды. Амандасып, ішке кірдік. Дастарханға жайғасып, кейін би алаңына шықтық. Ұлдар үстелде қалған болатын. Біраздан соң олардың жанына Нұрбол есімді жігіт қосылды, бірақ көп ұзамай кетіп қалды. Кафе сағат 00:00-де жабылатынына байланысты бәріміз сыртқа шықтық. Сол сәтте Нұрқияс бізге: "Қыздар, апарып тастайық", — деді. Сөйтіп, Нұрқияс, Равиль, мен және Эльмира Mercedes-Benz W140 көлігіне отырдық. Рөлде Шыңғыс болды, ал жанында Азамат отырды", — деді Дана Жақсыкелді.

Жолда бір дүкенге соқпақ болған. Қамажай дүкеніне келген кезде көліктен түсіп, темекі алмақ болып кірген.

"Дүкеннің алдында бір топ жігіт тұрды. Нұрқияс пен басқалары сөйлеспек болып көліктен түсті. Біз Эльмира екеуіміз 1-2 минуттан соң дүкенге кірдік. Темекі сұрадық, бірақ сатпады. Дүкеннен мен бірінші, артымнан Эльмира шықты", — дейді куәгер.

Дүкеннен шыққан бетте төбелес басталып кеткен.

"Біреу жерге құлағандай болды. Мен "жүріңдер, қайтайық!" деп айғайладым да, көліктің артына қарай кеттім. Қасымда Равиль тұрған сияқты. Сол сәтте сақалды, бойы ұзын, сұр киімді бір жігіт мылтықпен аспанға оқ атты, артынан бізге қарата тағы екі рет атты. Төбелес кейін көшенің арғы бетіне ауысты. Мен көлікте шамамен 5 минуттай отырдым. Кейін қайта шығып, "қайтайық" деп айғайладым, бірақ ешкім естімеді. Қорқып көліктің ішіне қайта кіріп кеттім. Өз басым үшін қорықтым. Мылтықты алғаш рет көрдім, атылған даусын да алғаш естідім. Төбелесті кім бастағанын білмеймін, тек балағат сөздер айтылғанын естідім. Артымда тұрған кезде Эльмираның Равильді ұстап тұрғанын көрдім. Одан әрі не болғанын білмеймін", — деп түсіндірді ол.

Төбелес аяқталған соң олар тағы бір дүкенге соққан.

"Көлікке мінген соң бәрі келді. Жолай тағы "Три семерки" дүкеніне кірдік. Шыңғыс, Нұрқияс және Эльмира дүкенге барды. Эльмира энергетикалық сусын алып шықты. Содан кейін Абзал көліктің капотындағы сусынды сұрап алды. Сол кезде оның қолында пышақ болғанын байқадым, басында байқамадым. Энергетикалық сусынды құйып жатқанда ғана пышақтың жүзін көрдім. Не үшін жуып жүргенін түсінбедім. Темекі де алып шықты. Ал көлікте келе жатқанда, алдыңғы орындықта мылтық жатқанын байқадым. Содан кейін Рысқұлов ауылына қарай бет алдық. Жолда бір жерде тоқтап, Шыңғыс көліктен мылтық пен пышақты алып түсіп, бес минуттан соң қолында ештеңе жоқ қайтып келді", — деді куәгер.

Беттестіру кезінде Шынасыл Абзал пышақты саусақ іздерін кетіру үшін жуғанын мойындаған.

Дана Жақсыкелді неге жедел жәрдем мен полиция шақырмағанын да түсіндірді.

"Ондай жағдайға тап боламын деп ойламадым. Телефоным өзімде болған, бірақ қуаты бітіп қалды ма, нақты есімде жоқ. Өз өмірім үшін қорықтым. Мылтықтың атылған даусын естігенде, қорқыныштан не істерімді білмей қалдым", — дейді ол.

Сондай-ақ куәгер Шерзаттың анасының "жедел жәрдем шақырыңдаршы" деген сөзін естімегенін және оны екі адам ұстап тұрғанын көрмегенін айтты.


Рекомендовать
Последние новости