"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Маңғыстау облысындағы әлеуметтік ахуалға тұрақты бақылау жүргізіп отыр. Ал өңірде жиі көтерілетін проблемалардың негізгі бөлігі мердігер ұйымдармен байланысты. Бұл туралы ұлттық компания басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Исқазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Маңғыстаудағы барлық проблемалық жағдайлар мердігер компаниялар тарапынан туындайды. Олар — біздің еншілес ұйымдарымыз емес, тек келісімшарт негізінде жұмыс істейтін жеке компаниялар. Ал біз әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырмыз", — деді Исқазиев "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында.
Оның айтуынша, "ҚазМұнайГаз" өндірістік кәсіпорындарында жағдай бірқалыпты.
"Мәселе — мердігер компанияларда. Олар бізбен келісімшартқа отырып, кейін жұмысшылардың жалақысын біздікімен теңестіруді талап етеді. Әлеуметтік жағдайды да сол деңгейге көтеруді қалайды. Алайда бұл жеке ұйымдар. Көбі бір немесе үш жылдық келісімшартпен жұмыс істейді", — деп түсіндірді Исқазиев.
Сондай-ақ ол ҚМГ мен мердігер ұйымдар арасында диалог орнағанын айтып өтті. Алайда еңбек өнімділігі артпай, ұңғымалар жөндеу аралығы ұзартылмаса, болашақта компания көптеген мердігерлерден бас тартатынын ескертті. "ҚазМұнайГаз" көлем үшін емес, сапа үшін жұмыс істеуге мүдделі екенін атап өтті.