Ресейдің Ұлттық қоры сарқылу, экономикасы рецессия алдында тұр

Кәмшат Тілеухан 20 июн. 2025 15:09

Әлемдегі ең ірі ақпарат агенттіктерінің бірі Reuters Ресейдің экономикалық жағдайын талдап, ресейлік биліктің жоғары эшелоны арасында ел экономикасының бүгінгі күйін сипаттауға және даму моделін таңдауға келгенде жік пайда болғанын хабарлайды. "Украинадағы арнайы операцияның" төртінші жылында Ресей экономикасының тынысы тарылып, көрсеткіштері төмендей бастады. Бейсенбі күні Петербург экономикалық форумында Кремльдің қаржы-экономика саласының басшылары елдің экономикалық ахуалын анықтап, болашақ даму үлгісіне қатысты бір тоқтамға келе алмай, сөз таластырды. Біраз ақиқи цифрлар алға тартылды. Факті жүзінде экономикалық блоктың шенеуніктері Владимир Путинге ашық айтпаса да, "соғыс па, әлде экономика ма?" деген тұрғыда таңдау жасау қажеттігі туындап тұрғанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Соңғы айларда Ресей экономикасының көптеген көрсеткіштері құлдырап, сарапшылар арасында "құлдырау", "рецессия" деген сөздері жиі айтыла бастаған. Ал президент Владимир Путин үкіметке экономиканың тым қатты тежелуіне жол бермей, ұшқан көрсеткіштердің "жұмсақ қонуын" тапсырған.

Ресей экономикасын алға жылжытатын айқын драйвер жоқ 

Росстаттың мәліметінше, 2025 жылдың І-тоқсанында Ресейдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) былтырғы 4-тоқсандағы 4,5%-дан 1,4%-ға дейін бәсеңдеп, тіпті алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда да қатты төмендеген. Үкіметтік макроэкономикалық талдау және қысқа мерзімді болжамдар орталығының (ЦМАКП) өзі азаматтық секторлардың басым бөлігінде құлдырау байқалып жатқанын, экономиканы алға жылжытатын айқын драйвер жоқ екенін жазды.

Петербург экономикалық форумында РФ экономикалық даму министрі Максим Решетников та Ресей экономикасы рецессияның табалдырығына таяп қалғанын мойындады. Ал басқа шенеуніктер пессимистік пікірден тартынып, оптимизмді сақтауға тырысты.

Экономикалық блоктан нақты көріністі атау сұралды: "экономикалық салқындық па" әлде "рецессия" ма?..

Экономикалық талқы модераторы, Мемлекеттік думаның бюджет комитетінің төрағасы Андрей Макаров үкімет пен Орталық банк өкілдеріне қазіргі экономикалық жағдайдың нақты көрінісін атымен атауды сұрады: "экономикалық салқындық па" әлде "рецессия" ма?..

Қаржы министрі Антон Силуанов жағдайды "экономикалық салқындық" деп сипаттай келе "қыс артынан жаз келеді" деген орыс метафорасын алға тартып, оптимизм танытты.

Орталық банк төрайымы Эльвира Набиуллина қазіргі баяулауды "экономиканың қызып кетуінен кейінгі қалыпқа түсу кезеңі" деп сақтана сипаттады.

Министр Решетников нақты сандар бойынша жағдай "салқындыққа" жақын болғанымен, бизнес қауымдастықтың сезімі мен индикаторлары Ресей экономикасы рецессияның шекарасына жеткенін білдіретінін айтты. Ол жоғары пайыздық мөлшерлемелердің бизнеске жаңа жобаларды бастауда кедергі келтіріп отырғанын жеткізді.

"Әскери-өнеркәсіп кешені ғана ерекше жағдайда. Қазір әскери сектордағы сұраныстың артуы инвестицияны ұлғайтуда", – деді Решетников. Оның айтуынша, биылғы болжам бойынша 1,7%-дық инвестиция өсімі амбицииялыққа жатады, тіпті бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 8,7%-ды құрағандына қарамастан.

Экономикалық даму министрі Орталық банк басшысынан "экономикаға сәл жылулық танытуды" сұрап, дұрыс ақша-несие саясатын жүргізсе, рецессияның алдын алуға болатынын ескертті.

Алайда, өз кезегінде, Набиуллина ханым инфляция деңгейін 4%-ға дейін төмендету стратегиясын ары қарай ұстанатындарын айтып, инфляцияның баяулауы банктің болжамынан да тез жүріп жатқанын атап өтті.

Маусымның басында Ресей Орталық банкі үш жылдан кейін алғаш рет пайыздық мөлшерлемені бір пайызға, яғни 20%-ға дейін түсірді. Дегенмен, бұл батыс санкцияларына  байланысты 2022 жылы наурызда рекордтық көрсеткішке жеткен әлі де өте жоғары деңгей болып саналады.

Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, бұл мөлшерлеме экономиканы тежеп тұр.

Жоғары базалық мөлшерлеме Ресей экономикасын шыңырауға құлатты

Ресейдегі ең ірі мемлекеттік банк – Сбербанк басқарма төрағасының бірінші орынбасары Александр Ведяхин Reuters агенттігіне берген сұқбатында жоғары пайыздық мөлшерлемелер экономикаға ауыр соққы болып, одан пайда болған шыңыраудан шығу Ресейге қиын болатынын айтқан.

Ресей Ғылым академиясының Ұлттық экономика болжамы институты мамыр айындағы мәліметтер бойынша, елде экономикалық өсім іс жүзінде тоқтаған, екінші тоқсанда рецессия қаупі жоғары.

Осы форумда Ресей президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Максим Орешкин қазіргі экономикалық өсім моделінің әлеуеті толық сарқылғанын мәлімдеді. Набиуллина бұл тұжырыммен келісіп, соңғы екі жылдағы экономикалық өсім, көбінесе жұмыс күшін жұмылдыру мен өндіріс қуаттарын толық іске қосу, ұлттық әл-ауқат қорының шығындары және импортты алмастыру арқылы іске асқанын, ендігі жерде жаңа модель қажет екенін айтты.

"Екі жыл бойы біз жоғары қарқынмен өстік, себебі еркін ресурстарымызды іске қостық. Атап айтқанда, бұл ресурстар – еңбек күші, өндірістік қуаттар, банк жүйесінің капиталы және Ұлттық әл-ауқат қорының қаражаты. Бұл қор арқылы үкімет бюджет тапшылығын жауып, триллиондаған рубльді құрайтын ірі жобаларды қаржыландырды. Бұл ресурстардың көбі шынымен сарқылғанын түсінуіміз қажет", – деді Набиуллина.

Қордың шынымен де сарқылуға жақын екенін түсінуіміз керек - Набиуллина

Росстаттың дерегінше, жұмыссыздық деңгейі тарихтағы ең төменгі көрсеткіш 2,3%-ға дейін төмендеді. Бұған соғысқа байланысты ер адамдардың мобилизациялануы мен жаппай эмиграция қосылған. Ресей билігі жұмыс күшінің тапшылығын 2 млн адамға бағалап отыр.

Ресей кәсіпорындарындағы қуаттардың жүктелу деңгейі рекордтық межеге жетіп, 80%-дан асқан. Ал Ұлттық әл-ауқат қорының өтімді активтері соғыс басталғалы үш есеге қысқарып, 2,8 трлн рубльге түсті. Қордағы валюталық резервтер де ең төменгі деңгейге – 153,7 млрд юаньға дейін қысқарған, бұл 2008 жылдан бері тіркелген ең төменгі көрсеткіш. Сонымен қатар қордағы алтын көлемі де соғысқа дейінгі 400 тоннадан 139,5 тоннаға дейін кеміді. Ресей Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының (РАНХиГС) мамандарының болжамынша, қор 2026 жылы толығымен түгесілуі мүмкін.

Ал министр Решетников модельді ауыстыруда "революциялық өзгерістерге" бармауға шақырды.  

Өз кезегінде Антон Силуанов модельді ауыстыру қажеттілігімен келіспейтінін ашық айтты.

"Қазір біз өте күрделі әлемде өмір сүріп жатырмыз. Ресейде 4%-дық өсім бар, айналамыз түрлі шектеулер мен санкциялармен құрсауланған, ал осындай кезде модельді ауыстыру туралы айтудың өзі қисынсыз", – деді ол.

Форумда тағы бір көтерілген мәселе – инвестициялық климат пен сенім мәселесі болды. Мемдума өкілі Макаров 25 жыл ішінде инвестициялық климаттың қалыптаспағанын мойындауға шақырды.

Соңғы үш жылда Кремль он шақты шетелдік компанияны тәркілеп, ішкі активтерге де қол салу қарқынын жеделдетті, олардың арасында Мәскеу Домодедово әуежайы және "Родные поля" астық компаниясы да бар.

"Меншік құқығының кепілдіктеріне келетін болсақ, бізде уақыт өту мерзімі оқиға болған сәттен емес, прокурорлар бұл туралы білген сәттен басталады. Онда да бұл туралы білгенде ғана емес, оларға ұнамаған, келіспеген кезде бола салады", - деп атап өтті Макаров. Набиуллина да инвесторлар сенімінің маңыздылығын атай келе:  "Қор нарығы – сенім мәселесі. Егер акция сатып алсаң, ертең оны ешкім тартып алмауы тиіс", - деді.

Ал Силуанов "инвестициялық климаттың нашар екені – жалған" деп наразылық білдіріп, "инвестиция өсіп жатыр, экономика да дамуда, тек негатив таратуды тоқтату керек" деп бір-ақ тоқтады.

 


Рекомендовать
Последние новости