Әлеуметтік желіде елордадағы жекеменшік балабақшалардың бірінде түсірілген бейнежазба тарады. Кадрларда тәрбиешінің бүлдіршіндерге дөрекілік көрсетіп, оларды жұлқылағаны анық көрінеді. Аталған оқиға BI Group басшысы Айдын Рахымбаевқа тиесілі Aldi BI жекеменшік балабақшаcында болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қызметкердің әрекеті біздің кәсіби этика мен тәртіп нормаларымызға мүлдем сәйкес келмейді. Оған қатысты шешім тез қабылданып, тиісті тәртіппен жұмыстан босатылды", – деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.
Оқиғаға байланысты ішкі қызметтік тексеріс басталған. Bi Group компаниясы балабақшадағы бақылау жүйесін күшейтіп, балалардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шараларды қолға алғанын жеткізді.
"Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін ішкі бақылау тетіктерін қайта қарап, қатаңдатуға кірістік. Балалардың қауіпсіздігіне басымдық береміз. Біз бұл оқиға үшін кешірім сұраймыз және ата-аналардың сенімі мен алаңдаушылығына түсіністікпен қараймыз", – делінген компанияның ресми мәлімдемесінде.