Трамп жаңа баж салығын жариялады: министрлік пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 08 июл. 2025 15:34

АҚШ президенті Дональд Трамп ресми хат жолдап, 1 тамыздан бастап тауарларға жаңа баж салығы енгізілетінін мәлімдеді. Сауда және интеграция министрлігі осы өзгеріске байланысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрлік мәліметінше, 7 шілдеде АҚШ президентінен 1 тамыздан бастап жаңа импорттық баж енгізілетіні туралы ресми хабарлама түскен.

"Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын өнімдер үшін жеткізілетін тауардың барлық көлеміне 25 пайыз бірыңғай мөлшерлеме белгіленген. Алайда қазақстандық экспорттың басым бөлігі - мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан сияқты негізгі шикізат пен стратегиялық тауарлар. Олар баж салығынсыз жеткізілуін жалғастыра береді. Қабылданған шаралар Қазақстан экспортының шамамен 95 пайызына әсер етпейді деп жоспарланып отыр", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, қазақстандық тауарларға сауда режимін сақтау мақсатында ҚР Үкіметі АҚШ әкімшілігіне өзара сауда шарттарын жақсарту жөніндегі нақты шаралар мен бастамаларды жолдаған.

"Қазақстанның мақсаты - нарыққа қол жеткізу және сауда шарттары мәселелері бойынша келісілген шешімдер қабылдау. Қазір Америка тарабы Қазақстан ұсыныстарын қарастырып жатыр және келіссөздерді өткізетін күнді хабарлайды. Қазақстан ұлттық мүдделерін қорғау және тұрақты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында Америка тарапымен одан әрі келіссөздер жүргізуге дайын", - деп жазылған хабарламада.

Анықтама: Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 4,2 млрд. АҚШ доллары болған, бұл оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 4%-ға жоғары (4,1 млрд. АҚШ). Қазақстаннан АҚШ-қа экспорттың негізі мынадай: шикі мұнай - 1,1 млрд. АҚШ доллары (үлесі 56,2%), уран - 322,9 млн. АҚШ доллары (16,4%), күміс - 239,9 млн. АҚШ доллары (12,2%), ферроқорытпалар - 188,2 млн. АҚШ доллары (9,5%), тантал және одан жасалған бұйымдар - 17,6 млн. АҚШ доллары (0,89%) және басқалары. Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2025 жылғы қаңтар-мамырда 1 265,8 млн. АҚШ долларына жеткен. 2025 жылғы қаңтар-мамырда Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт көлемі 418,2 млн. АҚШ доллары болды.


Рекомендовать
Последние новости