Төрт қақпалы Түркістан

Dalanews 21 сент. 2018 16:58 807

730 мың шаршы метр баспана беру жоспарлануда

 «Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деп басталатын Мағжанның жыры бүгінде жиі еске түседі. Өйткені Түркістан облысының құрылуы тарихи әділдіктің салтанат құрғаны деп есептеймін.

Қазір маңдайға басқан киелі шаһар дербес облыстың ордалы орталығына айналды. Түркістан қаласы облыс орталығына айналуы үшін алда көптеген жұмыс күтіп тұр. Бұл ретте қандай іске болса да білек сыбанып, бел буа кірісуге дайын тұрған халық бар.

Осы орайда, өңірдің экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуының жаңа формуласы керек екенін байқау қиын емес. Өз кезегінде алғашқы қадам үшін арнайы жоба да дайын. Иә, бұл Елбасының таяуда ғана жариялаған «5 әлеуметтік мәселе» деп аталатын үндеуі.

Бес бөлімнен тұратын үндеудің әр тармағында жаңа белесті бағындыруға бастайтын бағдарды айқын байқауға болады. Біздіңше, әуелгісі – баспана мәселесі. Бұл ретте халық тығыз қоныстанған өңірде «7-20-25» бағдарламасы өте көп көмек көрсетеді деп білемін. Бұдан басқа, Түркістан облысында білікті мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары қалыптасқаны да өңірдің дамуға бет түзеген бағытына темірқазық болатынына сенімдімін.

Бұдан басқа, өңірде салықтың жеңілдеуі, несие алудың оңтайлануы ел игілігінің артуына септесетіні анық.

Осы орайда сарапшы пікіріне жүгініп, Елбасының үндеуі Түркістан өңіріне қалай әсер етеді деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Осы ретте блиц сұрағымызға белсенді жауап қатқан сарапшылардың бірі әйгілі саясаттанушы Елдос Жұмағұлов мырза болды. Уақыттың тығыздығына байланысты Елдос Тəңірбергенұлымен арқаны кеңге салып әңгіме құра алмадық. Десе де, алты ауыз сөзімен өз көзқарасын жеткізген азаматтың пікірі төмендегідей:

– Жаңадан құрылған, халқы тығыз орналасқан Түркістан облысы үшін Президенттің əлеуметтік бастамаларының алатын орны ерекше.

Бұл өңірде Президент бастамаларының жүзеге асуы аса маңызды. Табысы төмен жұмысшылардың мүддесі үшін салықтың төмендеуі жəне қолжетімді баспана өте керек бастама. Биылғы жылдың өзінде Түркістан облысында 730 мың шаршы метр баспана беруге жоспарлануда. Сонымен қатар білім беру гранттары ұлғаюы оңтүстік жастарына жасалынып отырған тікелей қолдау деп есептеймін. Халқы еңбекқор өңірге шағын несиенің де көмегі зор.

Ендігі мəселе – осы бастамалардың тиянақты орындалуы. Тағы бір ескеретін нəрсе, 7-20-25 бағдарламасында əр өңірдің халқының төлем қабілеті ескерілуі керек деп есептеймін. Бұл ретте азаматтардың кіріс мөлшеріне өңірлік коэффициент енгізілуі маңызды, – деп сарапшы Елдос Жұмағұлов өз ойын ортаға салды.

 

Түркістан түркі халықтарының орталығы болады

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістанды облыс етіп жариялауға қатысты құжатқа қол  қойғалы үш айдан артық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде өңірдегі экономикалық, әлеуметтік даму екпіні қарқынды даму жолына түсті десек болады.

Ендігі кезек тарихи қаланың осы облыс статусын алу жолындағы сапары туралы сөзге қарай ойыссақ. Жалпы, өткен күн – тарих. Демек, тарих туралы тарихшының айтқаны дұрыс болар деп кестік. Осы орайда Қарағанды Мемлекеттік университетінің ұстазы, профессор Нұрсаған Ахметқызы ойын ортаға салып, қызықты фактілермен бөлісті:

– Түркістан  облысын құру идеясы 1500 жылдық мерейтойында айтылды. Облыстың құрылғанына мен қатты қуандым, себебі жақсы көретін тарихи тұлғам Мұстафа Шоқай арманы осы атаумен байланысты болды. Ұлы тұлға: «Түркістан  ұлттық  тәуелсіз  мемлекетіне» деген  мақаласын жазып, Түркістан атауын  ерекше бөліп атаған. Оның  «Жас Түркістан» журналының  өзі бір терең тарих. Елбасының Түркістанды облыс орталығы етуі рухани жаңғырудың нағыз дəлелі деп есептеймін.  Қ.А. Ясауи бабамыздың кесенесінің маңы көне заманнан сыр шертетін байырғы қала кейпінде бой түзейді. Сондай-ақ туристерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында көптеген нысандар бой көтеріп, тарихи орындардың инфрақұрылымдары ретке келтірілмекші.

Түркістан облысы түркі халықтарының басын қосатын рухани орталыққа айналады. Астана еліміздің қаржы орталығы болса, Түркістан рухани орталығы болары сөзсіз. Күні кеше ғана Түркістан қалай облыс болып дамып кетеді деген қарсы пікірлер де айтылды. Алайда 1998 жылы Алматыдан Астанаға көшірілгенде де ол жақта ештеңе болмаған еді.

Елбасымыз 20 жылдың ішінде əлем танитын Астананы көтерді. Сол сияқты Түркістан облысы да жан-жақты қолдаудың арқасында көтерілетініне сенімдімін. Қайта қазіргі уақытта ол бұрынғыдай қиындық тудырмасы анық.  Болашақта Түркістандағы ғимараттардың барлығы Шығыс елдерінің стилінде салынуы керек деп есептеймін. Атақты хандарымыздың, киелі ата-бабаларымыздың сол жерде жатқаны бекер емес. Олар сол кезде ол өңірдің киелі екенін білген.

Енді Түркістан түркі халықтарының орталығы болады. Елбасының бес əлеуметтік бастамасы тек сөз жүзінде айтылып қоймай, іс жүзінде жүзеге асты. Өңірде шағын жəне орта бизнеске қолдау көрсетіліп, өнеркəсіпті дамыту қолға алынады. Сонымен қатар жеңіл өнеркəсіпті дамытып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын жетілдіру ісі жүзеге асып жатыр.

Бүкіл ауданды жарықпен қамтамасыз етіп отырған Кентаудағы трансформатор зауыты да бар. Алдағы уақытта тағы да өнеркəсіп орындары ашылса, жұмыссыз жүрген халықтың да жағдайы жақсаратыны сөзсіз. Елбасының бес əлеуметтік бастамасының арқасында өңір толықтай газбен қамтамасыз етіліп, жаңа жоғары оқу орындары ашылып, халық қолжетімді баспанаға ие болады.

Бұл – Түркістан облысының рухани орталыққа айналатынының белгісі. Облыс əкімі болып тағайындалған Жансейіт Түймебаев біраз жыл Түркия елінде елшілікте істеген. Түркі халықтарының жағдайын жақсы біледі. Облысты көркейтіп, дамытып, түркі халықтарының басын қосатынына сенімдімін, – деп білікті тарихшы Нұрсаған Ахметқызы ойын ортаға салды.

 

Өзге өңірлер Түркістанға қолдау көрсетуі керек

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес, Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Бұл әкімшілік бірлік еліміздің он жетінші аймағы атанды. Ал қазақ хандығы мен түркі әлемінің жүрегіне айналған Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілді». Елбасының осы сөзі қазақстандық БАҚ беттеріне сүйіншілеп жариялана бастаған кезде қалпағын көкке атқан қазақ қалмады десек, артық айтпағанымыз.

Содан бері екі ай толып, туралған еттей өте шықты. Жаңа өңірдің жалпы дамуына үлкен импулсь берілгені айдан анық. Алайда осы орайда ел ағаларының пікірі керек-ақ. Ендеше, абыз қаланың жаңа тарихындағы елеулі оқиға туралы тарихшы айтқан қандай жарасымды боларын ескеріп, Темірғали Аршабеков ағамызбен сұхбаттасқан едік:

– Елбасының ішкі туризмді дамыту мақсатында экономиканы қалыптастырмай, ол өңірде тек туризмді алып кету өте қиын. Сондықтан ішкі туризмді дамыту үшін əрине, экономикалық тірек керек. Ал ол əкімшілік тараптың қолдауынан болады. Болашақта бұл кішігірім Мекке, екінші астана болуға мүмкіндігі бар. Өйткені болашақта барлық өңірлер экономикалық, əлеуметтік жағынан қолдау көрсетіп жатса, бұл тарихи орын ғана емес, болашақ экономикалық орталыққа айналып кетуге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ Шымкент қаласының əлеуметтік жағынан демографиялық өсімі Қазақстан бойынша бірінші орында. Елбасының бастамаларының бірі – өңірлерді дамыту. Осы бастама бойынша Түркістан облысының ішкі туризмін дамыту қолға алынып отыр. Ол əрине, қолдау табады. Мысалы, Астананың 20 жылдығына əр облыс қолдау көрсетіп, тарту жасады, сол сияқты əр өңір Елбасының бастамасын қолдап, экономикасына көмектесуі ықтимал.

Әзірше қалада туризмнен түсетін қаржы аздық етеді. Түркістан облыс орталығы болғандықтан, ішкі қаржы əлдеқайда көбейеді. Соның арқасында əлеуметтік сала дамып, өнеркəсіп саласы өркендей түсетіні сөзсіз. Ол шығыстағы, батыстағы ірі өнеркəсіп саласы емес, шикізат кəсіпорындарын дайындау. Оңтүстікке бейімделген шикізат түрлерін дамыту қалыптасады. Қала халқы көбейеді, демографиясы өсіп, 2-3 жылдың ішінде қарқынды дамиды. Бес əлеуметтік бастама – биыл енгізілген жаңа қадам. Бастаманың бірі өңірлердің газбен қамтылуы жайлы айтар болсақ, Қызылорда – Астана бағытында жол бойындағы бірнеше елді мекендерді газбен қамту. Өңірлерде енді көмір емес, газ қолданылады. Барлық жерде газ қолданылатын болса, адамның күнделікті тұрмысы жеңілдейді. Сондықтан газдың пайдасы əлдеқайда тиімді. Қазір ол өңірде тек Қожа Ахмет Ясауи университеті ғана бар. Болашақта енді ЖОО-лардың филиалдары ашылады деп ойлаймын. Кадрларды даярлау – алда қарастырылатын мəселе. Экономикалық, мəдени жағы дамитыны белгілі. 1998 жылы Алматыдан Астанаға көшіп келгенде қиыншылықтар болды. Ал бұл оған қарағанда əлдеқайда жеңіл. Өйткені біз ХХІ ғасырда экономикалық қалыптасқан елдердің біріміз, – деді Темірғали Аршабеков.

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости