Төрт адамның өмірін қиған апат. «Арселор Миттал Теміртаудың» кінәсі толық дәлелденді

Dalanews 24 июн. 2022 12:45 918

Мемлекеттік комиссия төрт жұмысшы қаза тапқан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дағы жазатайым оқиғаның себептерін атады. Оқиға жұмыс берушінің кінәсінен болғаны анықталды.

– Сараптамалық ұйымдар апатқа себеп болуы мүмкін ақаулар мен зақымдануларды анықтады. Сондай-ақ тапсырыс беруші «Құрылысмет» пен мердігер «АрселорМиттал Теміртау» құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені белгілі болды. Жобалау құжаттамасы бекітілмеген. Өндіріс жобасы мен пешті бөлшектеудің технологиялық картасы сараптамалық комиссиялардың қарауына ұсынылмаған. Арнайы тергеу қорытындысы бойынша комиссия жұмыс берушінің 100% кінәсін анықтады, – деді мемлекеттік комиссия төрағасы, Қарағанды облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ирина Любарская өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Тергеу комиссиясына жергілікті атқарушы органдардың, кәсіподақтың, жұмыс берушінің өкілдері және сараптама ұйымдары кірді. Комиссия екі аптаға жуық уақыт ішінде оқиға орнын тексерді, техникалық және нормативтік құжаттарды зерттеді, қатысы бар адамдардан, куәгерлерден сұхбат алған.

Анықталғанындай, жұмысшылар жеткілікті дәрежеде білікті, яғни 5 және 6-разрядтары болған. Бірақ олар үш күн қатарынан ауысымсыз демонтаж жасаған. Қайғылы оқиға жөндеу жұмысының аяқталуына 25% қалғанда, яғни соңғы күні болған.


Тергеу барысында 32 адам сұрауға алынды. 14 күдікті анықталды, оның ішінде басшылық құрам да бар. Материалдардың көшірмелері аумақтық полиция органына жіберіледі.

Айта кетейік, 10 маусымда «Құрылысмет» ЖШС («АрселорМиттал Теміртау» АҚ еншілес кәсіпорны) мастер-пресс цехының жұмыс істемейтін №9 термиялық пешінде отқа төзімді құрылысты бөлшектеу кезінде шатыр опырылып құлаған. Жөндеу цехының 5 жұмысшысы үйінді астында қалды. Оның төртеуі көз жұмып, біреуі ауруханаға жеткізілді.

Қазір цех консервацияланған, онда ешқандай жұмыс жүргізуге болмайды. Инженерлік инфрақұрылымға кіруге де тыйым салынған.

Рекомендовать
Последние новости