"Тоқтатшы, саған айттым ғой". Бозымбаев Арқалық тұрғынының сұрағын жақтыртпай қалды

Сағыныш Сардарова 04 апр. 2024 12:07 2383

Жуырда премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған Қанат Бозымбаев енді өңірлік саясат, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, төтенше жағдайлар және су ресурстары мәселелеріне жетекшілік етеді. Ал өңірлерде су тасқынының әлі де беті қайтар емес.

Төтенше жағдайларға жауапты вице-премьер Қанат Бозымбаев пен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов су тасқыны болып жатқан Қостанай облысы Арқалық қаласының тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өңір әкімдігі мәліметіне сүйенсек, су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі облыстық жедел штаб Арқалық қаласында орналасқан. Вице-премьер халықпен кездесуі кезінде кейбір сұрақтарды жақтыртпай қалды.

"Президентіміз сенім артқан соң, осындай жағдайға барып, сізді қойды деп ойлаймын. Бізде елімізге зиян келтіріп жатқан оқымысты көп. Ұлтқа қызмет ететін мінезді адамдар жетіспейді. Қарным ашқаннан емес, қадірім қашқаннан жылағым келеді. Сізде осы билікте жүргеніңізге 30 жыл болды ғой. Елді қайда апардыңыздар? Суға ағып кеткен елді қараңыздаршы? Біздің халық қайыршы күйге түсті. Үйлеріне барсаң жылағын келеді", - деді Арқалық қаласы тұрғындарының бірі.

Қанат Бозымбаев тұрғынға жауап беріп, әңгімеге саясатты араластырудың қажеті жоғын айтқан.

"Бауырым, маған нақты не айтқың келеді?! Саясат туралы айтпай-ақ қойыңыз. Менің қолымнан келетін нақты сұрақ айтыңыз", - деді ол.

Сұрақ қойған тұрғын судан зардап шеккен 37 үйді қайта салып беруді сұраған.

"Тоқташы, мен саған айттым ғой. Комиссия келеді, егер 40 немесе 37 үй тұруға болмайды десе, онда салып береміз. Тағы бес рет айтайын ба?" - деді вице-премьер.

Қанат Бозымбаев Қостанай облысына жұмыс сапары кезінде төтенше жағдай жарияланған Амангелді, Жангелді аудандары мен Арқалық қаласындағы жағдаймен танысқан. Жангелді ауданында Көлқамыс ауылындағы су тасқыны болған жерге барып, сондай-ақ, қарғын судан зардап шеккен Көкалат ауылының тұрғындарымен де кездесті.

Қостанай облысының оңтүстігіндегі 75 жеке тұрғын үйді су басқан. 13 су шайған және 7 бүлінген жол (1 көпір,  6 жол жамылғысы) бар. 12 елді мекенде көлік қатынасы жоқ. 1,2 мың адам эвакуацияланды, олардың 408-і - балалар.

"Су тасқыны басталғаннан бері 686,2 мың текше метрден аса қарғын су сорылып, 16 мыңнан аса қап төселіп, 1,3 мың тонна инертті материал төгілді. Құтқару жұмыстарына 1,7 мың адам, 517 техника, 30 суда жүзу құралы және 2 ұшақ жұмылдырылды", - деді жауаптылар өңірдегі жағдай туралы.


Рекомендовать
Последние новости