Алматыда жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында рейдтік іс-шаралар өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін қалада самокаттарға бақылау күшейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Polisia.kz дерегінше, бір тәулікте Алматыда самокат жүргізушілерінің 800-ден астам құқық бұзушылығы анықталды. Оның ішінде:
- 489 – қозғалысқа қатысушыларға қойылатын талаптарды орындамау (ӘҚБтК 620-бап),
- 237 – жаяу жүргіншілер мен өзге де қатысушылардың қозғалыс ережелерін бұзуы (615-бап),
- 11 – ата-аналардың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын орындамауы (127-бап),
- 47 – абаттандыру ережелерін бұзу (505-бап),
- 23 – қоғамдық орындарды ластау (434-2-бап).
Полицияның мәлімдеуінше, адамдар самокаттарды тротуар мен жолдың үстіне қалдырып, қозғалысқа кедергі келтіруде. Арнайы тұраққа 259 самокат жеткізілді. Сондай-ақ олардың көп шоғырланатын жерінде тәртіпті қадағалау үшін оператор-компаниялар берген самокаттармен жүрген 50 полиция маршруты қосымша шығарылды.
Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шұмаевтың айтуынша, самокат пайдаланушыларымен жүйелі жұмыс жүргізілуде.
"Біз құқық бұзушылықтардың алдын аламыз, ережелерді түсіндіреміз және қажет болған жағдайда заңда қарастырылған шараларды қолданамыз", — деді ол.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйекте халыққа Жолдауында самокаттардың қоғам үшін қауіпті екенін айтты. Оның сөзінше, екі жыл бұрын заңға өзгерістер енгізіліп, жаяу жүргінші жолдарымен жүруге шектеулер қойылған. Алайда жағдай өзгермеген.
Президент Жолдауынан кейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Астананың орталық көшелерінің бірінде полицейлердің самокаттарды жинап жүрген сәті түсірілген видео тарады.