Бүгін Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген бастамаларды жүзеге асыру туралы жоспарға қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
53 тармақтан тұратын құжатты Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесіп әзірледі.
Мемлекет басшысының гуманитарлық бастамаларын жүзеге асыру үшін:
- «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын әзірлеу;
- Ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту;
- Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарын қабылдау,
- Ұлттық цифрлық архив құру;
- бизнес өкілдерін тарта отырып аймақтарда театрларды салу және дамыту, сондай-ақ ұлттық театрларға қолдау көрсету;
- Шетелде Абай институтын ашу;
Халықаралық биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру қарастырылған.
Әлеуметтік-экономикалық жобаларды іске асыру үшін:
- «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды жалғастыру, үш жылда 1300 мектепті жаңғырту;
- ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтарын ашу, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру;
- өңірлерді дамыту тұжырымдамасына қатысты тың тәсілдерді енгізу;
- 2025-2026 жылдары ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолын салу және жаңғырту, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру және жаңа аэровокзал кешенін салу;
- алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.
Сондай-ақ шекара маңындағы аудандарды дамыту, ғылым қалашықтарын құру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау, үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы жеке заңдар қабылданады.