Тоқаев тапсырмасы: "Pfizer" вакцинасын Қазақстанға жеткізу бойынша келісім жасалды

Dalanews 15 июл. 2021 15:31 806

Елімізге "Pfizer" вакцинасын жеткізу бойынша алдын-ала келісімге қол жеткізілді деп хабарлайды Dalanews.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеп.

Ведомство ақпаратына сәйкес, "Pfizer" компаниясы әзірлеген вакцинаның алғашқы қосыны елімізге биылғы жылдың төртінші тоқсанында жеткізілуі тиіс.

"2021 жылдың наурызынан бастап "Pfizer" компаниясының өкілдерімен Сovid-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинаны жеткізу мүмкіндігі туралы келіссөздер рәсімдері басталды.

Министрлік пен "Pfizer" компаниясының арасындағы өзара іс - қимыл шеңберінде құпиялылық туралы келісімге қол қойылды", - деп атап өтті ведомствода.

Министрлік мәміленің негізгі шарттары туралы келісімдердің талаптарын оңтайландыру бойынша "Pfizer" компаниясымен тұрақты негізде келіссөздер жүргізуде, оның ішінде Қазақстан Үкіметінің деңгейінде кеңес өткізілген.

Сонымен қатар, "Pfizer" компаниясы вакцинаны жеткізу туралы келісім жасау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын қабылдау қажеттігі туралы ескертті.


Айта кетелік, президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында "Pfizer" вакцинасын қазақстандықтарға қолжетімді ету керектігі туралы тапсырма берген.

“Анықтама ретінде мынаны айта аламын. Келісім бойынша Қазақстанға биыл мамыр айында Pfizer-дің 2 млн дозасы жетуі керек болған. Үкімет препаратты жеткізудің үзілуін Pfizer компаниясының шарттарымен байланыстырып отыр. Бірақ бұл шарттар вакцина сатып алатын бүкіл елдер үшін стандартты болып есептеледі”, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл іс аяғына дейін жету үшін арнайы Жарлыққа қол қоюға дайын екенін мәлімдеген.

“Жуықта бүкіл әрекеттер алгоритмі көрсетілген тағы бір жаңа ұсыныс келіп түсті. Мемлекет басшысы, президент тиісті жарлыққа қол қоюы керек деп отыр. Қажет болса, мен солай істеуге дайынмын.

Үкімет пен Президент әкімшілігіне қалыптасқан жағдайды анықтап, аталмыш қажетті препараттың жеткізілуін кешіктірген лауазымды тұлғаларға қатысты шара қолдануды тапсырамын.

Біз азаматтарға қатысты ұсыныстарымызды әртараптандыруымыз керек. Бәлкім кейбір азаматтар дәл осы вакцинаны қабылдағысы келетін шығар. Сондықтан мұндай азаматтарға мүмкіндік беріңіздер. Проблеманы қысқа мерзімде шешіп, Pfizer вакцинасын қазақстандықтарға қолжетімді ету керек”, – деген еді Мемлекет басшысы.

 

Рекомендовать
Последние новости