Қасым-Жомарт Тоқаев Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Студенттер үйіне барған сәтте қоғамда талқыланып жатқан метапневмовирусқа қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Қазір бәрі жаңа инфекция туралы айтып жатыр. Меніңше, бұл мәселені дабыра қылудың қажеті жоқ. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек,” – деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Қытайда метапневмовирус инфекциясы өршіп тұрғаны туралы жазған едік. 23–29 желтоқсан аралығында ауруханаларда алынған респираторлық сынамаларды талдау нәтижесінде адамдардан тұмау вирусы, метапневмовирус және риновирус анықталған. Бұл туралы Қытайдың денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
“Зерттеу деректері елде жедел респираторлық инфекциялардың белсенді түрде таралып жатқанын көрсетті. Әсіресе, метапневмовирусқа шалдығу дерегі 14 жасқа дейінгі балалар арасында күрт артқан. Бұл жағдай әсіресе солтүстік провинцияларда айқын байқалады”, — деп жазды РБК агенттігі.
Бұған дейін Independent басылымы Қытайда респираторлық вирустардың таралуы салдарынан ауруханалардың адамға лық толғанын жазған еді.
“Биыл қыста Қытайдың солтүстік провинцияларында адамдардың метапневмовируспен (HMPV) сырқаттануы күрт артқан, әсіресе бұл инфекция балалар арасында кең таралған”, — деп мәлімдеді басылым.
Метапневмовирус белгілері тұмау мен суық тиюге ұқсас келеді. Әдетте, ауру жеңіл түрде өтеді. Алайда кей жағдайларда, әсіресе нәрестелер, егде жастағы адамдар және иммунитеті әлсіз науқастар арасында пневмония сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
Желтоқсан айының соңында Тайваньның Money UDN басылымы метапневмовирус салдарынан өлім-жітім деңгейі 43%-ға жетуі мүмкін екенін жазды. Басылым COVID-19 вирусына қарсы жедел скрининг құралдары бар екенін, ал метапневмовирусқа арналған реагенттердің жетіспейтінін атап өтті. Сонымен қатар бұл вирусқа қарсы арнайы дәрі-дәрмек әлі де жоқ, науқастарға тек қолдау терапиясы ұсынылады.