Тоқаев "орыс әлемінің" ықпалынан құтылудың жолын іздеуде – сарапшы

Думан Бықай 16 июн. 2022 07:40 862

Қазақстанның Еуразиялық одақ пен ҰҚШҰ қатарынан шықсам деген ұмтылысы Кремльдің көңіліне кірбің ұялатуы мүмкін. Ресей мұны «айырылсар дос ердің артқы қасын сұрайдыға» балап, келесі кезекте Қазақстанға шүйлігуі ғажап емес.

Бұл туралы саясаттанушы Досым Сәтпаев айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Сарапшының пікірінше, Ақорда осыдан қорқады. Ресеймен араздықтың соңы ұрыс-керіс пен айғай-шуға ұласуынан қауіптенеді.

Тоқаевтың күні кешегі сұхбаты да осы сценарийдің алдын-алу үшін, соңғы кездері көршісіне қатысты күдігі қоюлана түскен Кремльдің көңілін аулау үшін жасалған амал-айла.



«Ресей-24» арнасына көлемді сұхбат берген Мемлекет басшысы «Қазақстанның Еуразиялық одақ пен ҰҚШҰ қатарынан шығуға талпынбайтынын» мәлімдеген еді.

«Экс-президент Назарбаев елді Ресейдің қақпанына түсіріп кетті. Құй батпаққа батырып, тығырыққа тіреп кетті. Қазақстан «орыс әлемі» дейтін аюдың апанына өзі барып түсті. Тоқаев осы тұзақтан құтылар жол таба алмай әуреленіп жүр. Ресейдің уысынан шығуға талпынар болса, Кремльмен бет жыртысуға тура келеді. Ақорда ашық кетісуге әзір емес.

Қазір қолдан келері Мәскеумен келіссөз жүргізетін қазақстандық дипломаттардың сапалық құрамын шыңдау. Антиресейлік санкциялардың шалығы бізге де тиіп кетпейтіндей, елдің ұлттық мүддесін жата-жастана қорғайтын «келіссөзшілер» командасын жасақтар болсақ, мұның өзі жарым-жартылай жеңіс», – дейді Сәтпаев.

Бірақ, мұнда да барынша сақтық керек. Әр қадамыңды жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн. Одақтасының әрбір әрекетінен астар іздейтін Кремльдің күдігін күшейтпеу үшін тізгін тартатын, тоқтайтын жеріңді білуге тиіссің. Қазақстан «екі түйенің ортасында шыбын өледінің» кебін кимеуі қажет.

Кремль көсемі Қазақстанның Батыстың құндылықтарын қабылдап, демократияға бет бұрғанын көріп, біліп отыр. Санкциялар бүгін, ертең алынбайды. Керісінше, күшейе түседі. «Орыс әлемінің» өрісі тарылған сайын, Путиннің параноясы асқынып, Ақ ордаға бейтарап позиция ұстану қиындай түседі.

Сөй деген Сәтпаев:

«Тоқаев кешегі сұхбатында Сцилла мен Харибданы мысалға келтірді. Гректің ежелгі аңызын еске түсірген болсаңыз, Сцилламен шайқаста Одиссей жасағының тең жартысынан айырылған еді. Теңіз құбыжығы Одиссей сарбаздарын шайнамай жұтқан еді...

Қазақстан президенті арнайы қатысқан Петербор экономикалық форумының атауы да («Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер»)  Ресей агрессиясының Украинамен толастамайтынын аңғартып тұрғандай. «Орыс әлемі» бетпердесін сыпырып тастады. Отыз жыл бойы іштен тынып келген орыс шовинизмі Путиннің тұсында қайтадан бас көтерді.

Мәскеу Киевпен шектелмейді. Путиннің араны ашылып кетті. Қызыл империяны тірілтуді көксейтін Ресей бір кездері Совет үкіметінің құрамында болған кез-келген елге тұтқиылдан басып кіруі, шапқыншылық жасауы мүмкін.

Кремль мұны «тарихи тұрғыдан орыс халқына тиесілі аумақты кері қайтару» деп атап, астамшыл, сұғанақ саясатын ақтап алудың үгіт-насихатын жүргізеді. Бөгде елге тұмсық тығу Ресей үшін, орыс халқы үшін таңсық емес. Орта ғасырдың өлшемімен ойлайтын аудиторияның айызын қандыру үшін Путин әлі небір сұмдыққа барады.

Алдымен Грузия, кейін Украина, Молдова... Осы отыз жылда төңірегіндегі көрші-қолаңға қырғидай тиді. «Орыс әлемінің» бұғауынан босағысы келген елдер Ресей агрессиясына ұшырады», – дейді.

Сарапшының айтуынша Қазақстан билігі бұл жағдайдан сабақ алған, сол себепті де Кремльмен қырғи-қабақ болғанды қаламайды. Десе де, Путиннің басқыншы саясатын тежеп, бетін қайтаратын кеңістік, күш бар. Ол – түркі әлемі, түркі өркениеті.



Аймақтағы геосаяси балансты сақтауға Ақорда түркі елдерін, соның ішінде Анкараға арқа сүйеуі керек. Түркі елдерімен арадағы экономикалық һәм әскери-саяси әріптестікті жеделдетіп жетілдіру қажет.

«Орта Азия елдері бір жұдырыққа жұмылғанда ғана Ресейдің агрессиясына төтеп беретін иммунитет қалыптасады», – дейді Сәтпаев.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Рекомендовать
Последние новости