Тоқаев ауыл, аудан тұрғындарын баспанамен қамтитын жобаны қолға алуды тапсырды

Азамат Қойшығара 15 мар. 2024 16:18 7954

Ұлттық құрылтайда Президент экономиканы дамытатын жаңа мүмкіндіктерді үнемі іздеп отыру керектігін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзіне қарағанда, бізге әжептәуір мультипликативтік нәтиже беретін жобалар қажет.

"Сол үшін Үкіметке биыл ауқымды төрт инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруды тапсырамын.

Ең алдымен қазір жұмыс істеп тұрған 55 жылу орталығын толығымен жөндеу қажет. Ұзындығы кемінде 6,5 мың шақырым болатын инженерлік жүйені жаңғырту керек. Бұл қадам азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді", - деді Мемлекет басшысы.

Ол баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш екенін алға тартты.

"Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады.


Рекомендовать
Последние новости