Толеранттылық тек қазаққа керек пе?

Dalanews 27 мая 2016 11:12 966

Байқайсыз ба, басқа елдердің бəрінде мінез бар. Жағаласып, жаға жыртысып, алысып-жұлысып жатқан жаһан əйтеуір. Ешкім ешкімге есесін жібергісі жоқ. Мəселе тіпті есе жіберуде емес шығар. Мəселе – əркімнің өз ақиқаты, өз позициясы барлығында, біздіңше.

Жəне сонысында тұра біледі. Бұл позиция дұрыс па немесе бұрыс па, маңызды емес. Бастысы, ол – бар жəне нық. 
 Солай. Басқа елдердің бəрінде мінез бар. Тек біз ғана тым толеранттымыз немесе тым мəдениеттіміз. Солай көрінуге жəне солай сыйлы болуға тырысқымыз келеді. Əлемнің алдында.
Біз Украинадағы немесе Сириядағы қантөгістің бейбіт түрде шешілуін қалаймыз дейміз. Бірақ, оның қалай жəне қандай жолмен шешілуі керектігін айтпаймыз. Немесе айта алмаймыз...
Себебі, жалтақпыз. Украинадағы қантөгісті жасап отырған Ресей, оның ішінде Мəскеу, оның ішінде Кремль екенін əлем əлдеқашан айтқан. Айыптаған. Бірақ, біз емес. Біз анда да, мында да жоқпыз. «Біз Украинадағы жағдайдың бейбіт шешілуін қалаймыз». Сырт көзге əйтеуір айтылу үшін айтыла салған дүние сияқты. 
Барды бар, жоқты жоқ деп айта алмайтын мемлекет қалай сыйлы болады? 
«Сириядағы қантөгістің бейбіт шешілуін қалаймыз». Сыртқы істер министрлігі осындай мәлімдеме жасайды. Дұрыс. Кім қаламайды? Əлем əлдеқашан айтқан: «Диктатор (Башар Асад) тағынан таймай, Сирияға тыныштық жоқ».

Əлемнің бізден бір ерекшелігі Сириядағы жағдайдың бейбіт шешілуін қалап қана отырған жоқ, соның жолын, әдіс-амалын көрсетіп отыр. 
Анығы, əлем əсте толерантты емес. Төзгісі келмейді. Төзе алмайды. Көрсе айтады. Көне алмайды. 
Толеранттылық. Қазақшасы төзімділік. Турасын айтқанда көнбістік. Үндеместік. Тағы не? 
Толеранттылықтың тағы бір мағынасы мінезсіздік сияқты, біздіңше. Мінезсіз адам ғана емес, мінезсіз мемлекеттер де болады. 
Олар бəріне ұнауға тырысады. Ешкімнің көңіліне келгісі келмейді. Тым сыпайы. Тым қонақжай. Фантазиялық, былай қарағанда мүлдем утопиялық идеяларды ортаға тастайтын да солар. Олар əлемді ауызбіршілікке шақырады, шақырғысы келеді.
Алайда əлем реализмде өмір сүреді, өмір сүрген де. Əуел бастан...
Ал, толеранттылық өзектілігі өлген əлдеқашан. Себебі, төзуге болмайтын дүниелер бар. Ондайда мінез керек,  дүние бүлініп кетсе де. Бірақ, біз бәрібір де бәріне төзіп келеміз...

Думан БЫҚАЙ


Abai.kz


Рекомендовать
Последние новости