Төлеби ауданында үш ауылға газ кірді

Dalanews 28 дек. 2018 16:06 1029

Жаңа 2019 жылдың табалдырығымыздан аттағалы тұрған қарсаңында Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданының жұртшылығы табиғи газға қол жеткізіп, отын тасып күл шығарудан арылды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ондағы Алатау ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс, Қайнар, Нысанбек елді мекені тұрғындарының қуанышымен бөлісуге барып, ондағы 2,5 мыңға жуық халықты жақсы жаңалығымен құттықтады.

– Құрметті, Алатаудың баурайына жақын орналасқан Төлеби ауданының жұртшылығы. Егеменді еліміздің Тәуелсіздік тойының тойланып, жаңа жылға аяқ басқан тұсында ауылдарыңызға жетіп отырған көгілдір отын баршаларыңызға құтты болсын! Жалпы, өңіріміздегі басқа аудан, қалалармен салыстырғанда Төлебидің елді мекендерін табиғи газбен қамту ісі қарқынды жүруде. Яғни, алдағы бірер жылда аудандағы барлық елді мекендер газдандырылып, қаланың жағдайына жететін болады. Мұның барлығы да Елбасымыздың жыл сайынғы біздерге арналған Жолдаулары мен тиісті міндеттемелерінің арқасында мүмкін болып отырған жағдай деп білемін, – деді облыс басшысы.

Қазіргі таңда Төлеби ауданында жалпы саны 55 елді мекеннің, бүгінгімен қосқанда, 39-на табиғи газ жетіп, көгілдір отынмен қамту үлесі халықтың 82 пайызын құрады. 2017-2018 жылдары 8 елді мекенге (Майбұлақ, Қостөбе, Оңтүстік, Ханарық, Жамбыл, Жанатұрмыс, Нысанбек, Қайнар) облыстық бюджеттен құрылыс жұмыстарына 928,4 млн теңге бөлініп, табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Осы жылы қосымша 2 елді мекенде (Қаратөбе, Тасарық) газдандыру құрылысы жүргізілді. Құрылысы аяқталған 10 елді мекенді кезең-кезеңімен газға қосып 49 елді мекен немесе 91 пайызға жеткізу жұмыстары жоспарланып отыр. Қосымша газданбаған 6 елді мекен бойынша ЖСҚ әзірлеу мақсатында облыстық, аудандық бюджеттен 50 млн. теңгеге жуық қаржы қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу жоспарланған.

Жалпы аудан халқын 2019-2020 жылдар аралығында 100% табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости