Тоғызқұмалақтың атауы өзгере ме? Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясы жауап берді

Сағыныш Сардарова 30 мая 2024 12:21 2981

Кеше Мәжілісте депутаттар тоғызқұмалақтың атын өзгертуге қатысты ұсыныс жасады. Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясы осы ұсынысқа жауап ретінде мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Федерация "ғасырлар бойы халық пайдаланып келген төл атаудан жирену, қасиетті ұғымдарға немқұрайлы қарау - ұлттық құндылықтар аясында қоғамды ұйыстыруға бастамайтын іс екенін" айтты.
 
"Көзіқарақты кез келген адам "бұлар басқаны қойғанда Абайды танымай Әуезовті оқымағандар ма?" деп қайран қалған шығар. Бастамашылардың кімді оқитынын білмейміз, бірақ қағидалы ақиқатты түсінбейтіні анық. Тоғызқұмалақ- ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны. ЮНЕСКО оны адамзаттың мәдени мұрасы деп 2020 жылы мойындаған. Тоғызқұмалақ ұлтымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі болып табылады. Сырттан келген бірер адам түрлі пиғылмен атауын бұрмаласа, ондай тәсілді біздің мәдениет пен тарихи жадымызға қарсы сыртқы күштер талай қолданғанын тарихтан да білеміз. Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде, ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады.
 
Ұлттық ойынның атауы Парламентке де, Үкіметке де, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес. Ол еш адамның, не ұйымның меншігіне жатпайды. Ойынның да, оның атауының да иесі - қазақ халқы. Біздің перзенттік парызымыз - тоғызқұмалақты дамытып, қанатын кеңге жаю", - деп жазылған жауапта.
 
Сонымен қатар, қазір әлемнің 50 аса елінде тоғызқұмалақ көзбе-көз ойналса, интернет арқылы 100 мемлекет тұрғындары түрлі сайыстарға қатысып, 6 әлем чемпионаты 25-30 ел өкілдерінің қатысуымен өткен.
 
"Жаһанға танымал зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ көшбасшы орында. Қазақстанда 210 мың адам түрлі деңгейде тұрақты шұғылдануда. Мұның бәрі ардагерлер, жаттықтырушылар, ойыншылардың еңбегінің, оларды демеп, қолдап жүрген федерация,тоғызқұмалақ қайраткерлері, кәсіпкерлер, Спорт және туризм министрлігі мен жергілікті әкімдіктер, маслихат депутаттарының бірлесе атқарып жүрген істерінің жемісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы тоғызқұмалақты дамытуға назар аударуы ортақ іске соны серпін берді. Біз әрі қарай да ұлттық мұраны насихаттап, дәріптеп, кеңірек таралуына жұмыс жасаймыз. Перзенттік парызымызды атқаруға ешкім кедергі бола алмайды.
 
Қазақ барда тоғызқұмалақ дами бермек. Ұлт алдында зор міндеттер тұр. Азамат ретінде ел дамуының өзекті мәселелері бойынша жоғары мінберлерден келелі ой айтылғанын қалаймыз. Пікір алуандылығын сыйлай отырып, қасиетті құндылықтармен ойнауға болмайтынын мәлімдейміз", - деп жазылған Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациясы үндеуінде.

Рекомендовать
Последние новости