Тоғызыншы дан иесі атанған Тоқаев тақтай сындырды (видео)

Қаракөз Амантай 12 авг. 2025 14:45

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Дүниежүзілік таэквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоуды қабылдады деп жазады Dalanews.kz.

Президент бұл кездесудің Қазақстан спорт қауымдастығы үшін елеулі оқиға екенін атап өтті. Федерация басшысының арнайы сапары еліміздегі таэквондо спортының дамуына тың серпін береді.

«Таэквондо жай ғана олимпиадалық спорт емес, ол бүкіл әлемдегі миллиондаған адамды бір идеяға біріктірген, үйлесімділік пен өзара сыйластық философиясы. Ал 2025 жылы Астанада өтетін G1 санатындағы Kazakhstan Open халықаралық турнирі еліміздегі спортшылардың деңгейін өсіріп, тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік ашады», – деді Тоқаев.

Федерация басшысы Чунгвон Чоу өз кезегінде Мемлекет басшысына ыстық ықыласы мен жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, Қазақстандағы таэквондоның даму қарқынына жоғары баға берді.

Ол елімізде ұйымдастырылатын халықаралық жарыстардың деңгейін ерекше атап өтті.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік таэквондо федерациясының президентін әлемдегі таэквондо спортының дамуына қосқан зор үлесі үшін «Достық» орденінің ІІ дәрежесімен марапаттады.

Өз кезегінде Чунгвон Чоу Қазақстан Президентіне құрмет көрсетіп, тоғызыншы дан дәрежесіндегі қара белбеу табыстады.

Кездесу соңында қызық жағдай болды. Федерация басшысы таэквондоның дәстүрі бойынша Тоқаевтан ағаш тақтайды сындыруды өтінді. Президент әуелде «Really?» («Шын айтасыз ба?») деп таңғалды.

Содан кейін Чунгвон Чоудың әзілдеп тұрмағанына көз жеткізіп, ұсынысты қабыл алды. Мемлекет басшысы соққы жасап, ағаш тақтайды бір-ақ ұрды.

Осылайша, тоғызыншы дан иесі атанған Тоқаев тақтай сындырып, дәстүрді жалғастырды.


Рекомендовать
Последние новости