Тілеухан: "Ерлан мырза, "Әліппені" қайтарып беріңіз"

Dalanews 20 февр. 2017 09:18 780

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әліппені қайтару мәселесіне тоқталған депутат, «Сауат ашу» – сауасыздықты жою дегенді білдіреді… Бұрынғыдай қала берсе, оның қандай қайшылығы бар. «Әліппе» деген сөз символдық, бейнелі атау. Бұл атау қанымызға сіңген. Ол – Ахмет Байтұрсыновтардан келе жатқан атау. Осы орайда бүкіл зиялы қауымның талабын айтатын болсақ, «Сауат ашу» аты мен атауын құртыңыз да, «Әліппені» бізге қайтарып беріңіз. Аяқ астынан бірдеңі бастап кетесіздер де, кейіннен қоғамнан қарсылық болып жатады. Елбасы Жолдауында барлығын ақылмен саралап, қабылдауға шақырды ғой. Ендеше, бастамаларға ақылмен мұқият қараңыздар. Ең бірінші ойланып алып, сосын істеу керек»,-деді.

Осы орайда депутат оқулықтардағы кемшіліктерге тоқталды.

«Ереке, осы мәселеге кім жауап береді? (Ерлан Сағадиевке қаратып айтқа сөзінде). Әлде баспа жауап бере ме немесе министр жауапты ма?! Нақты кім жауап береді? Керек болса, оқулықтарды алып келемін де, сорақы нәрселерді бірінен соң бірін қойдай тоғытамын… Балалар мына оқулықтарға қарап отырып, зәрезап болады. Өйткені, өте ауыр, кітапты адам оқу мүмкін емес. Баланың жасы ешқандай ескерілмеген. Екінші сыныптың баласына жетінші сыныптың оқушысының деңгейіндегіні жазып беру рухани қаскүнемдік . Сабақтастықтың жоқтығынан, ұрпағымызды мүгедек қылып жатырмыз»,-деп наразылығын айтты Тілеухан.
«Ереке, бұған қазір жауап беріңіз. Қазір жауап бере алмасаңыз, баспасөз бетінде сізді жекпе-жекке шақырамын және сіздің жеңіп кетуіңізге шын жүректен тілектеспін. Өкінішке қарай, жеңіліп қаласыз-ау. Өйткені, ешқандай уәж жоқ. Ертең халықтың, сайлаушылдардың алдында біз жауап беруіміз керек», – деді депутат.

Өз кезегінде Сағадиев оқулықтардағы кемшіліктерге министрлік жауап беретінін атап өтті.

«Жыл сайын үш жүзден астам оқулықтарды дайындап отырмыз. 5 мыңнан астам мұғалімдер осы шараларға қатысып отыр. Әр оқулық дайындау кезеңінде алты ай сайтта тұр. Осы орайда бұл мерзімде кемшіліктерді атап, қандай өзгертулер енгізу керектігі тұрғысында әр адамның ұсыныс жасауға құқығы бар. Енді ертерек қарап, ұсыныстарды енгізбейсіздер ме?! Қателіктер түзетілді ғой. Егер оқулықта кемшіліктер қалса, керек болса, оқулықтардағы қателіктерді іздеуге әзірмін», – деп жауап қайырды министр.

Рекомендовать
Последние новости