Теректі ауданы қарқынды дамуда

Dalanews 31 окт. 2017 15:47 1133

Бүгін БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Теректі ауданының әкімі Кәрім Жақыповтың қатысуымен «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында кезекті брифинг өтті.

Оның айтуынша, аудан бюджеті 7 943,3 млн. тенге, оның ішінде аудан кірісі 1155,4 млн. теңгені құрайды. Аудан бюджетінің салық түсімдері бойынша жоспары ағымдағы жылдың 9 айында 140,9 пайызға асыра орындалып, 960,8 млн. теңгеге жетті. Жоғары тұрған бюджеттен қаралған мақсатты трансферттер мен несиелер ағымдағы жылы   2 212,0 млн. теңгені құрады.

Ағымдағы жылдың 9 айында өнеркәсіптің өндіріс көлемі 1113,6 млн. теңгені құрап отыр. Өнеркәсіп өндірісі көлемінің  өсімі 104,2%-ды құрады. Өнеркәсіп өнімінің негізгі көлемі өңдеу саласына тиесілі. Өңдеуші өнеркәсіптің құрылымында мұнай өңдеу өндірісі шамамен 6,5%-ды құраса, азық-түлік өнеркәсібінің өнімдері – 78,8 %-ды құрайды.

Аудандағы өнеркәсіп саласының  негізгі кәсіпорындары қатарында ауыр дистиллянттық сұйық отын, газойлдық фракция, қайта айдау қалдықтары өндірісімен айналысатын «B.N GаsOіl Processing» ЖШС, алькагольсіз сусындар шығаратын «Жайыкгидрогеология» ЖШС пен   тазартылған және тазартылмаған құнбағыс майын өндіретін «Теректі май комбинаты» ЖШС бар.

Алдағы уақытта  200-ден астам жұмыс орнымен қамтамасыз ететін,  жылына 0,8-1 млн.тонна мұнай өнімдерін шығаруға бағытталған мұнай өнімдерін қайта өңдеу зауыты салынады.

Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3 млрд. 083,1 млн. теңге құрады. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялардың жалпы көлемі 1 млрд. 089,3 млн. теңге, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 6,4 есеге өсім байқалды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,4 есеге өсіп отыр.

Былтырғы жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстары Ақжайық, Юбилейное, Тоқпай, Жаңа Өмір, Федоровка ауылдарында басталып, Ақжайық, Юбилейное, Федоровка ауылдарында аяқталды. Биылғы жылы бұл жұмыстар Тоқпай, Жаңа Өмір ауылдарында жалғаспақ. Осы жобалар нәтижесінде жеке тұрғын үй құрылысын салам деушілерге 1329 жер телімі беріледі.

Сонымен қатар, ауданда көлік-логистика орталығын («НефтеСтройСервис LTD» ЖШС»)  салу жоспарлануда.

Аудан басшысы мәліметінше ауыл шаруашылық саласында да қарқынды даму бар. Мәселен, ауданда 463 ауылшаруашылық құрылымдары (440-ы шаруа қожалықтары, 23 ЖШС) жұмыс істеп жатыр.

Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 12 млрд. 543,5 млн. теңгені (102,7%) құрады. Егістік көлемі 117,2 мың гектар құрап, егіс жұмыстары 121,2 гектар жерге жүргізілді.

Майлы дақылдар салынған алқап көлемі 100%-ға, мал азығына бөлінген жер алаңы 100%-ға орындалды. Шаруалар күздік бидайды 23,806 мың тонна, қара бидайды 8,964 мың тонна, 45,465 мың тонна жаздық дақылдарды жинап алды.  Майлы дақылдардан мақсарынының 8,8 мың тонна өнім жиналды. Күнбағыстың 3,7 мың тонна өнімі жиналды.

Көкөніс, картоп дақылдарын мол алу үшін 137 га астам жерге тамшылатып суару жүйесі енгізілді («Жайна» ЖШС, «Балакирев В.А» шаруашылықтары жаңбырлатып суаруды өз алқаптарында қолданып жүр).

Алынған өнімді  сапалы сақтау мақсатында ауданда жалпы қуаты 2 935 тонна көкөніс қоймасы бар. Оған қоса,  биыл сыйымдылығы 1 700 тонна картоп сақтау қоймасы іске қосылды.

Ауданда алма өсіру шаруашылығы да дамып келеді. Мысалы, Барбастау ауылында «Жером» қожалығы 112 га жерде алма ағаштарын отырғызды.  «Витамин» қожалығы 4 га жерге қарақат, 2 га жерге таңқурай, 1 га жерге құлпынай отырғызды.

Мал қыстату науқанына қажеттілік 116,2 мың тонна болса, соның қазір 121,0 мың тоннасы жиналды. Яғни, жоспардың 104 пайызы орындалды.

Мүйізді ірі қара басы 106,4 пайызға (44441 бас), қой саны 105,9 пайызға (60851 бас), ешкі саны – 109,8 пайызға (10276 бас), жылқы саны – 118,7 пайызға (10511 бас), шошқа - 110,3 пайызға (3266 бас), құс - 103,1 пайызға (48 164 бас) өсті.

Аудан бойынша қазір 3842 бас (жалпы мал басының 8,6 пайызы) асыл тұқымды мал бар. Оның 3325-і етті, 517-сі сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал. Биылдың өзінде 385 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алынды, соның ішінде 175 бас қашар, 210 бас етті бағыттағы қазақтың ақбас тұқымды бұқасы. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 4 шаруа қожалығы 123,5 млн.теңге несие қаржыға 6 бұқа және 372 аналық мал алды.

«Ауыл шарашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы аудан бойынша барлығы 62 жеке тұлға 201,75 млн. теңге несие алды (соның ішінде «Береке» бағдарламасы арқылы 55 жеке тұлға 166,75 млн. теңгеге 872 мал басын сатып алып бордақылауға қойды, «Ырыс» бағдарламасы арқылы 5 жеке тұлға 30,5 млн.теңгеге 130 бас сүтті бағыттағы ірі қара малын сатып алып сүт өндіру жұмыстарымен айналысып жатыр. «Ынтымақ» бағдарламасы арқылы 2 жеке тұлға 4,5 млн. теңге несие алып 1 сүт салқындатқыш танкер сатып алды). Покатиловка ауылында «Достық» ауыл шарушылық өндірістік кооперативі бағасы 4,5 млн. теңгеге 2 тонналық сүт салқындатқыш танкер сатып алып, бүгінгі күнге 6,2 тонна сүт қабылдап қайта өндеуге тапсырды.

Бүгінде ауданда құрамына 608 мал басымен 215 жеке тұлға кіретін 14 ауыл шарушылық өндірістік кооперативтері жұмыс жасауда. Ауданда 23 асыл тұқымды мал ұстайтын шаруашылық болса, оның 20-сы етті ірі қара өсірумен, 3-уі сүтті бағыттағы мал өсірумен, 1-уі Көшім асыл тұқымды жылқысын өсірумен айналысады.

2017-2020 жылдар ішінде «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, 2430 ірі қара, 200 бас жылқы, 3500 қой сатып алу жоспарлануда.

Мал шаруашылығын дамытудың тағы бір жолы жайылымдық жерлерді суландыру бағытында «Жайық-Шалқар» каналын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Нәтижесінде көкөніс пен бақша өнімдерін егумен айналысуға мүмкіндігі береді. Бүгінгі күні «Жайық-Шалқар» каналындағы су жинауға арналған қалқымалы су сору стансасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Ағымдағы жылдың 9 айында ауданның арнайы жер қорына игерілмей жатқан жалпы көлемі 8 479 гектар құрайтын 22 телімі қайтарылды. Бұл шара 25 қожалыққа 15 228 гектар қосымша жер беруге мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар, конкурс негізінде беру үшін жалпы көлемі 7450 гектар құрайтын, 17 ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдеріне жерге орналастыру жобалары дайындалды. Ауыл шаруашылығына бөлінген жерлерді тиісті мақсатта қолданбағаны үшін қайтарып алуға байланысты мемлекет бюджеті 291 млн. 787 мың теңгеге толықты. (2016 жылы – 7 млн. 004 мың теңге)

Аудан басшысы одан әрі кәсіпкерлік саласына тоқталды. Аудан бойынша 1496 орта және шаған бизнес субъектісі тіркелген, бұл көрсеткіш былтырғы жылғы кезеңмен салыстырғанда 7,8 пайызға артып отыр. Соның 1287-і белсенді қызмет жасайды. (135-заңды тұлғалар, 712-жеке тұлғалар, 440-шаруа қожалықтары). Осы салада 4617 адам еңбек етіп, нәпақа тауып жүр. Шағын бизнес субъектілері 9 млрд. 103,5 млн.  теңгеге өнім өндірген. Осы салада 655 жаңа жұмыс орыны ашылды.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 102 млн. теңгеге 3 жоба қаржыландырылып, 13 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. (Подстепное ауылы – күл-қоқыс шығару қызметі, құны 16 млн. теңге, Федоровка ауылы – автокөліктерге газ құю стансасы қызметі, құны 66 млн. тг, Федоровка ауылы – көлік және қоймалау қызметі, 20 млн. тг).

Аудан бойынша 13 277 шаршы метр тұрғын жай пайдалануға берілді (өткен жылғы көрсеткішінің 97,8 пайызын құрады). Федоровка ауылында 142 млн. 866,9 мың. тенгеге 16 жалға берілетін тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмысы ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталмақ.

Федоровка және Ақжайық ауылдарындағы 3 қабатты көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Федоровка және Жаңа Өмір ауылында 3 қабатты тұрғын үй құрылысы нысанына жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып жатыр. Әр жобаның құны 2,5 млн. теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, Федоровка, Подстепное, Ақжайық және Жаңа Өмір ауылдарының әрқайсысында үш қабатты екі тұрғын үйден салу үшін жұмыс жобаларын дайындауға конкурс жарияланды.

 

Бұдан әрі аудан әкімі Теректі ауданы елді мекендерінің газбен қамтылуы 60 пайызға жеткенін хабарлады. Қазіргі таңда аудандағы 52 ауылдың 31-і көгілдір отынмен қамтылған.  8462 үйдің 7205-сі, яғни, 85,1% табиғи газ пайдаланады. Қазір ауданның Долинное, Төңкеріс, Қоныссай, Қабылтөбе, Новая Точка, Сүттігенді, Тасан-Шеген, Бекей, Донецк, Богдановка, Придорожное, Приречное, Алгабас, Сарсеново, Шөптікөл, Сатым-Шеген, Бозай, Карабас, Дуана, Рыбцех ауылдарын газдандыру бойынша жобалау жұмыстарын жүргізілуде. Аталған жобаның жалпы құны 25 млн.  021,0 мың. теңге құрады. Жобалау жұмыстары алдағы қараша-қаңтар айында аяқталмақ.

Ауданның 17 елдімекені орталықтандырылған су желісімен қамтылған. Сарыөмір, Аңқаты, Новопавловка, Ақжайық, Ақсуат ауылдары тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту үшін жалпы сомасы 771 млн. 610,5 мың теңгеге су құбырлары құрылысы жүргізілуде. Осы жобалар жүзеге асқан кезде халықтың 51 пайызы таза ауыз су тұтынатын болады. Бүгінгі күні Сарыөмір ауылында құрылыс жұмыстары аяқталып, ауыл тұрғындарына пайдалануға берілді. Сондай-ақ, бүгінгі күні Жаңа Өмір, Богдановка, Приречное және Ұзынкөл ауылдарының су құбырларын қайта құру және Жайық, Юбилейное ауылдары мен Федоровка ауылындағы 528 жер теліміне су құбырының құрылысы жобалары жасақталуда.

Аудандық маңызы бар жолдарды ағымдық жөндеу және күтіп ұстауға 52 млн. теңге бөлініп, жол тегістеу, жол белгілерін қою, жол жиегін қар мен шөптен тазарту жұмыстары жүргізілді. Аудан орталығындағы Тәуілсіздік көшесіне жалпы сомасы 306 млн. 330,3 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Бұл жұмыстар алдағы желтоқсан айында толық аяқталады. Федоровка ауылындағы Рабочая, Абая, Достық, Центральная, Молодежная көшелерін, Подстепное ауылындағы 17 және 48 көшелерін күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталып жатыр. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы Бейбітшілік көшесіне ұзындығы 1,6 км, Подстепное ауылына 445 метр жаяу жүргіншілер жолы салынды.

Брифингте аудан басшысы әлеуметтік сала, денсаулық сақтау саласына да тоқталды. Ауданда 2 аудандық аурухана, 1 емхана, 6 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшер-акушерлік пункт пен  31 медициналық пункт жұмыс жасайды. Осы салада 57 дәрігер, 272 орта буын медицина мамандары еңбек етуде. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының нәтижесінде дәрігерлердің жетіспеушілігі әзірге байқалмайды.

Жуырда ауданда көп жылдар бойы шешімін таппай келген мәселе де шешілді. Аудандық орталық ауруханасының стационар ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 479 млн. 839,3 мың теңге бөлініп, нысан алдағы желтоқсан айында пайдалануға берілмек.

2017 жылы денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 14 объектіге жобалық-сметалық құжаттар жасақталуы жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта 8 нысанның құжаттары жалпы сомасы 5 млн. 960 мың теңгеге жасақталып, ведомстволық сараптамаға жолданған.

Қазіргі таңда 162 адам жұмыссыз санатында есепте тұр. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңнен 22 пайызға көп.  Ресми жұмыссыздық деңгейі  – 1,0% құрап, бұл өткен жылғыдан 0,3 пунктке жоғары. Тұрмысы кедейлік шегінен төмен адамдар саны - 119 (29 отбасы), өткен жылғымен салыстырсақ, 13,2 пайызға азайған.

«Нәтижелі жұмыспен  қамтуды  және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021  жылдарға  арналған  бағдарламасының» I-бағыты  бойынша кәсіптік  оқуға  240 адам  жолданып, жоспар 100%-ға орындалды. Бағдарламаның ІІ-бағыты шеңберінде аудан бойынша 22 адам 113,9 млн. теңге несие алды, соның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 13 адам 75,9 млн.теңге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 9 адам 38,0 млн.теңге несие  алды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 128 жас маманға жалпы сомасы 197 837,4 млн. теңгеге әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Аудан бойынша 14 ауылдық округтен 43 отбасы, оның ішінде 223 адамға 10 млн. 944,8 мың теңге көлемінде шартты ақшалай көмек тағайындалып, 8 млн. 421,1 мың теңге төленді.

Ауданда 5 945 оқушы оқитын 38 күндізгі мектеп (орта мектеп-21, негізгі-8, бастауыш-9) жұмыс істеуде. Мектепке дейінгі білім беруде 11 балабақша, 26 мектеп жанындағы шағын орталықта 1354 бүлдіршін тәрбиеленуде.  Биыл 307 оқушы 22 орта және 46 оқушы кешкі ауысымдағы мектепті бітірді. Ұлттық бірыңғай тестлеуге солардың 207 түлегі, яғни, 97,4% қатысты. (Оның ішінде  166 оқушы мемлекеттік тілде,  41 – орыс тілінде оқыған)

Ауданда бірнеше әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланды. Сарыөмір ауылындағы Хамза Есенжанов атындағы орта мектеп ғимаратына күрделі жөңдеу жұмыстары басталды. Мектеп қараша айында пайдалануға берілу жоспарлануда. Бұдан бөлек, Ақсуат және Долинное ауылдарындағы мектептерді күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, жөндеу жұмыстарын келесі жылы басталады. Оған қоса, Подстепное ауылында 300 орындық мәдениет үйі ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының құны 319,6 млн. теңгені құрап, құрылыс жұмыстары қараша айында толық аяқталмақ. Жаңа Өмір ауылындағы 300 орындық мәдениет үйі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр. Бұл жобаның құны 6 млн. 800,0  мың теңгені құрады.

Ауданның әлеуметтік-саяси өміріне тоқталған аудан басшысы бұдан әрі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының ауданда іске асырылу барысы туралы баяндады.  Теректі ауданында 5 жоба  қолға алынды. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асыру бойынша еңбегімен  көзге түскен ел алдында құрметке ие  ұстаздар, мәдениет қызметкері және спорттық салада еңбегі сіңген  24 азамат  іріктелді. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша  тарихи туристік экспедициясы мен жастар арасында туриадасы, осыған қоса сакралдық белдеуі объектілерін зерделеу және дәріптеу, ел  тарихын  жастарға жеткізу,  тартымдылығын арттыру экспедициясы  ұйымдастырылды. Сонымен қатар, оқушыларға тарихи киелі жерлерге экскурсиялар ұйымдастыру жұмыстары жоспарлануда, - деді аудан әкімі К.Жақыпов.

 

Теректи слайд брифинг 2017

Рекомендовать
Последние новости