ТЕҢГЕ ТОЛҚИ МА?

Dalanews 22 янв. 2015 05:09 924

тенгеЕлімізде девальвация болмайды. ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов осылай мәлімдеді. Былтыр дәл осы уақытта, дәл осы айдың соңында ол тағы да осындай мәлімдеме жасап, жұрттың алаң көңілін басқан болатын. Бірақ көп өтпей, теңгенің құнсыздануы шарықтап шыға келген.

Ұлттық банк төрағасын сол жолы аямай сынағандар көп болды. Өзі болса елді келеке еткендей: «Девальвация болатынын айтсам, онда оның несі қызық», – дегендей емеуірінмен қыжырта жауап берген. Содан бері оған халық сенбейтін болды. Ел бір жыл бойы әне-міне девальвация болады деп елеңдеп жүрді. Одан бері бір жыл уақыт өтті. Мемлекеттің теңгені құнсыздандырмау үшін қандай айла-шарғы жасағанын бір Құдай біледі, Еуразиялық одаққа кірген біз үшін рубльдің «аспанға қаңбақтай» ұшуы теңгені толқытпай қоймайтындай көрінген. Рубльдің құнсыздануы күн санап өсіп келеді. Демек, сарапшылар жуық арада теңгенің де құнсыздануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мұнай бағасының арзандауы, әлемдік саясаттың мың құбылуы, Ресей мен Батыстың айқасы, бәрі-бәрі әлемдік нарыққа өзіндік ықпалын тигізбей қоймайды. Осындай сәтте Бас банкирдің уәжіне сенеміз бе, әлде үнсіз бас шұлғып, неде болса уақыты келгенде көреміз бе? Халық қандай қам-қарекет еткені жөн? Осы және өзгеде сұрақтар төңірегінде экономистердің пікірін ұсынып отырмыз.
Қайрат КЕЛІМБЕТОВ, ҚР Ұлттық банкінің Төрағасы:

– Жақын аралықта теңге бағамының күрт өзгеруі күтілмейді. Айырбас бағамы 1 АҚШ долларына 170-188 теңге дәлізінде сақталады. Біз ұстанған айырбас бағамының саясаты ішкі валюталық дәліздегі белгілі бір өзгерістерді қамтып отыр. Сондықтан да, біз үшін бүгінгі күнгі беріктік қорының өзі осы ішкі валюталық дәлізде қалуға мүмкіндік береді. Бүгінде айырбас бағамына  қатысты түрлі болжамдар, жорамалдар айтылып жатыр. Ол мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуі мен рубльдің құнсыздануынан туындауда. Тағы да қайталап айтқым келеді, менің ойымша, біз үшін мұнай бағасы маңызды фактор болып табылады. Дегенмен, біз айырбас бағамының күрт өзгерісіне жол бермейміз.

Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ, экономика ғылымдарының докторы:

– Ресейде орын алған девальвациямен қатар, сол елдегі тауарлардың бағасы да біршама көтерілді. Елімізден ағылған халықтың негізгі алып жатқан тауары – автокөлік. Ал басқа сауда түрі біз үшін тиімсіз. Сол себепті де, отандық өнімдерге деген сұраныстың төмендеуі күтілмейді.

Ал рубльдің кенет көп сатылуының басты себебі – валюталық алыпсатарлық. Яғни, қаржы нарығындағы «бүгін рубль құлдыраған кезеңде көбірек сатып алып, ертең ресейлік ақша қалпына келген тұста қайта сатып, үстінен қаражат жасап қаламыз» деп үміттенген делдалдардың ісі. Делдалдардың үміті ақталуы мүмкін яки мүмкін еместігі уақыт еншісінде. Дегенмен, жоғарыдағы басшылардың «теңге тұрақты болады» дейтін уәдесіне сенсек, онда болжамшылардың болжамы бекер. Бүгінгі Қазақстан мен Ресейдің қаржы саясаты екі түрлі. Біздегі билік отандық қаржы саясатын тұрақты ұстап отыруды негізге алып отыр дейтін болсақ, Ресей девальвация арқылы экономиканы тұрақтандыруды мақсат тұтуда.
Егер 2015-2016 жылдар аралығында әлемдік нарықтағы мұнай бағамы 40 АҚШ долларына дейін төмендеп, ахуал қиындай түсетін болса, бізге мұндай жағдайға да дайын болу керек. Онда биылғы жылдың көктеміне жетпей теңгенің бағамы күрт төмендеп, тағы бір девальвация орын алады.

 Илияс ИСАЕВ, қаржыгер-сарапшы:

– Біз қазір ортақ нарықта өмір сүріп жатырмыз. Сондай жағдайда отырып, біз бейтараппыз, бізге ештеңенің әсері жоқ деп өз-өзімізді алдауға болмайды. Мәселен, мынаған қараңыз, біздің сырттан келетін импортымыздың 60 пайызы ТМД елдерінен. Қалған 40 пайыз шетелдікі. Сол 60 пайыздың 95 пайызы – Ресейден келетін тауар. Міне, көрдіңіз бе, сондай жағдайда отырып, рубльдің құнсыздануы бізге әсер етпейді деп қайтып айта алмаймыз. Біз де отандық экспортерлерді қорғау үшін қадам жасауымыз керек. Яғни теңгені құнсыздандыруға тиіспіз. Біздің елде теңге тағы бір рет құнсыздануы әбден мүмкін. Мұны жоққа шығаруға болмайды.

 

Марал Төртенова, экономист-сарапшы:

– Ресейдің Орталық банкіне рубльді тежеп ұстап тұру арзанға соғып тұрған жоқ. Біздің экономикамыз Ресейге байланып тұрғандықтан, бұл жерде Ресейдің валютасының құнсыздануы бізге әсер етпейді деуге негіз жоқ. Әзірге Ұлттық банк теңгенің бағамын қалыпты ұстап тұра алады. Бірақ бұл уақытша құбылыс. Біздің экономикамыз тікелей мұнайдан түсетін түсіммен толығып отырғандықтан, бұл жерде біз әлемдік мұнай бағасына қатысты, елге тартылып жатқан инвестицияларға қатысты да болжам жасағанымыз абзал. Егер болашақта мұнайдан түсетін түсім артса, теңге бағамы да нығаймақ.

Ресей рубльінен бөлек мұнайдан түсетін түсімге қатысты мынадай болжамдар жасауға болады:

А) Бірінші, пессимистік сценарий. Егер 2015-2016 жылдар аралығында әлемдік нарықтағы мұнай бағамы 40 АҚШ долларына дейін төмендеп, ахуал қиындай түсетін болса, бізге мұндай жағдайға да дайын болу керек. Онда биылғы жылдың көктеміне жетпей теңгенің бағамы күрт төмендеп, тағы бір девальвация орын алады.

Ә) Екінші, консервативтік базалық сценарий. Егер 2015-2016 жылдар аралығында әлемдік нарықтағы мұнай бағамы 60-70 АҚШ долларын құрайтын болса, біз орташа базалық бағытпен жүруді ойластыруымыз қажет. Мұндай сәтте әлемдегі шикізат көзінің бағамы 10 пайызға өсім береді деп күтілуде . Бұл болжам да жағдайды орташа қалыпта ұстап тұрады.

Б) Үшіншісі, оптимистік сценарий. Бұл жағдайда әлемдік нарықта мұнай бағамы 85-90 АҚШ долларын құрайды деп күтілуде. Ал мұндай сценарий орын алса, біздің экономикалық әлеуетіміз одан әрі қарқынды бола түспек. Себебі бұл ретте әлемдік шикізат көздерінің құны 20-25 пайызға дейін өсім береді.

Әрине, біз үшін ең қолайлысы осы оптимистік болжам болып тұрғаны даусыз. Мұндай батыл болжамдарға халықтың да іші жыли түсетіні рас. Сондай-ақ, мамандар біздің елімізге енетін инвестиция әлеуеті төмендемегенін, керісінше, елде инвесторларға қолайлы жағдай жасалып отырғанын алға тартуда. Мамандарымыз «бұл мәселе де теңгенің бағамын осы қалыпта ұстап тұруға ықпал етеді» деседі.
Көрші Ресейде болып жатқан экономикалық тұралаудың салқыны бізге бәрібір өз әсерін береді. Демек үкіметтік тұрғыда сақтық шараларын қайта қарастыру керек. Бұған қатысты отандық өндірісті қолдаудың жаңа шарттары түзілгені жөн.

 Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:

- Жалпы, теңге бағамын қалыпты ұстап тұру үшін долларға тәуелділіктен арылуымыз керек. Ал біздің алтын-валюта қорының 40 пайызы доллармен жинақталып отырғанын ескерсек, бұл жерде сақтық шараларын қарастырмауға тағы болмайды. Рубльдің күн санап құнсыздануы екі ел арасындағы саудаға кері әсерін тигізіп, бізге түсетін түсім көлемі азаяды. Экономиканың ырғақты өсуін негізін инвестициялар легі құрайтыны даусыз. Рас, инвестициялар тасқыны келіп жатыр, бірақ біз отандық кәсіпорындардың жұмысын жандандырмай, долларға тәуелділіктен құтыла алмаймыз. Ендеше, болашақта теңгеміз жыл өткен сайын құнсыздана түспесін десек, отандық өндірісті дамытуға барынша күш салғанымыз абзал. Рас, әзірге Ұлттық банк теңгенің бағамын ұстап тұра алады. Дегенмен жыл басынан-ақ шикізат бағасының түсіп, экспорттан түсетін түсімнің азайғанын ескерсек, бұл-біздің алтын-валюта қорымызға қауіп төндіретін жайт. Естеріңізде болса, 1998 жылы Ұлттық банк теңгенің құнын ұстап тұруы үшін екі айда 2,5 млрд доллардан астам қаржы жұмсап жіберді. Сондықтан болашақта бұл ретте алғышарттарды қарастыру керек. Көрші Ресейде болып жатқан экономикалық тұралаудың салқыны бізге бәрібір өз әсерін береді. Демек үкіметтік тұрғыда сақтық шараларын қайта қарастыру керек. Бұған қатысты отандық өндірісті қолдаудың жаңа шарттары түзілгені жөн. Себебі қазірде Ресей үшін сыртқы инвестицияның тиімсіз екені нақты белгілі болды. Ресейден инвестициялар легі қашып жатыр. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Сырттан келген инвестиция қанша жерден тиімді дегенмен, оның қауіптілігі де бар. Сондықтан әлдеқандай заман туғанда инвестиция сыртқа ыдырай қашпауы үшін, отандық өндірісті қолдауға барынша назар аударуымыз керек. Доллардан арылуға да, теңгенің бағамын қалыпты ұстауға да, түсімді арттыруға да ықпал ететін бірден-бір фактор осы.

 

 

 

(Бірқатар пікірлер «Алаш айнасы» сайтынан алынды).

 

Рекомендовать
Последние новости