Теңге девальвациясына негіз жоқ - Ұлттық экономика вице-министрі

Кәмшат Тілеухан 10 окт. 2024 11:53 1753

Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов теңгенің құнсыздануына негіз жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"...Міне, соңғы үш жылда БАҚ-та сарапшылардың баға қатты қымбаттайтындығы туралы түрлі болжамдары жарияланып келеді, бірақ әрдайым күтілген жағдай орын алған емес. Шындығында, бізде девальвацияның болмағанына көп уақыт болды, білесіздер бе, өйткені девальвация болу үшін әрдайым нақты іргелі негіздер болуы тиіс, қазір, әрине, оның ешқайсысы байқалмайды. Біздің экспорттың деңгейін көріп отырсыздар, биылғы экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Импорт төмендеді. Бізде бүгінгі сауда балансы әлдеқайда таза. Сондықтан, дәл қазір бізде девальвацияның болуына түрткі ешқандай себеп жоқ", - деді вице-министр бейсенбіде Сенат дәлізінде білдірген пікірінде.

Ол ұлттық валюта бағамы тұрақтайтындығына сенімді.

"Валютамыз тұрақты. Әрине, оған әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Кез-келген басқа валюталардағыдай, ол елдің экспортына-импортына байланысты болады, сондықтан мұндай әсерлер болғанда бағам өзгеруі мүмкін, алайда, жалпылай алғанда валютаның тұрақталғанын көресіз, тіпті инфляцияны қоса есептегенде, ұлттық валюта түріндегі депозиттердің кірістілігі шетел валютасына қарағанда әлдеқайда табысты екенін байқауға болады. Сондықтан, өз басым, ұлттық валютаның тұрақты болатынына сенемін", - деді Қасенов.

Айта кетсек, 9 қазанда Қазақстан қор биржасына АҚШ доллары 491,25 теңгеден саудаланып, соңғы бес айта ұлттық валюта бағамы бақандай 10 пайызға құнсызданған болатын. 2024 жылы мамыр айында ғана АҚШ долларының бағамы 441, 4 теңгені құраған. Бұдан кейін сарапшылар алда, тіпті бір доллар 500 теңгеден сатылуы мүмкін екенін де болжай бастады.


Рекомендовать
Последние новости