Теңдесі жоқ “Мұра” гала концерті

Dalanews 18 сент. 2024 14:16 1875

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 90 жылдық маусымын "Мұра" гала концертімен атап өтіп, өнер ошағының алаңын қозғалмалы алып сахнаға айналдырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жанды дыбыс. Жарық шоуы. Қазақ батырлары, құмай тазылар мен бүркітшілер шеруі. Оңтүстік астананың мыңнан асқан тұрғыны мен қонағы классика әлемі мен ұлтымыздың сүйікті туындыларын тамашалады. Бұл күнді барлығы: біздің көрермен де, театрдың шығармашылық ұжымы да асыға күткен еді.

Ашық аспан астында Абай атындағы театрдың 200 әртісі шеберлігін паш етті. Асқақ өнерді сүйер қауым алдында жарқыраған жұлдыздар: Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Жәмиля Баспақова мен Гүлзат Дауырбаева, "Құрмет" орденінің иегері Зарина Алтынбаева, халықаралық конкурстардың жеңімпаздары Нұржан Бажекенов, Фархад Кубиев, Оксана Давыденко, Балуан Беркенов, Малика Ельчибаева, Богдан Вербовой, Жанель Тукеева және театрдың басқа да опера және балет әртістері ұсынды.

Концерт бағдарламасы дәстүрлі түрде Ахмет Жұбанов-Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы «Той бастардың» тәтті шашуынан бастау алды. Әсемдіктің толқынын көрген сайын көз тоймас П. И. Чайковскийдің «Аққу көлі» адажиосы жалғастырып жатты. Сахнада қалықтаған ақ желкен Франческо Сартори мен Лучио Кварантотоның ария стиліндегі «Time to say goodbye» балладасымен үміт отын маздатса, Эндрю Ллойд Уэббердің жанды баурайтын «Опера елесі» мюзиклындағы Кристина мен Елестің дуэты қозғалмалы сахнаның ауқымы мен кереметтігін айшықтай түсті.


А
л жүрек тебірентер хор орындаған Карл Орфтың "Кармина Бурана" кантатасының "О, Фортунасы!" күллі гала концерттің атмосферасын басқарды десек артық болмас. Музыкалық шараның әр нөмірі ашық аспан астында қойылатындай арнайы ойластырылған. Сезімін жасырмаған көрермен тенорлар шеруінде Абайдың "Көзімнің қарасын", Эдуардо ди Капуаның "'O sole mio-сы" мен Агустин Лараның "Гранадасын" бірге шырқады.

- Сиқырлы кеш болды. Абай атындағы театр мен Алматы қаласының әкімдігіне рақмет. Мұндай сахнада мен де шырқар едім.

- Мұндай ашық аспан астындағы қойылымға, оның үстіне операға бірінші келуім өте әсерлі болды.

Бұрын-соңды болмаған кеш. Осы бір асқақ музыкалық нөмірлерді ұсынғаны маған бақыт сезімін сыйлады және мен ерекше мақтанышпен мелодияның ырғағына билеп алдым. Аккомпонементі керемет және әртістері мықты. Көп рақмет! деп "Мұра" гала концертіне келген көрермен әсерімен бөлісті.


Концерт барысында жас жігіттің сүйіктісіне сахнада сөз айтқысы келген өтініші нағыз күтпеген жағдайға айналды.
Әрине, бұл кеште барлық армандар орындалып, ғашықтар аямай шапалақ ұрған көпшіліктің көзінше сөз байласты.

Алматы қаласының күніне арнайы орайластырылған кеш әдемі отшашумен аяқталып, мәдени астанамыздың аспанын жарқыратты. Тарихи өнер ордасы – Абай атындағы қара шаңырақ өзінің 91-ші маусымын осылай керемет, ерекше бастады.  


Рекомендовать
Последние новости