Теміржолшылар талабы. Айлықты өсіру үшін жолаушылар мен жүк тасымалының бағасын көтеру керек пе?

Dalanews 03 авг. 2022 13:25 1352

2022 жылдың 1 тамызында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі ресми дерегінде Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі, ПЧ-12 (Бейнеу жол дистанциясы) қызметкерлерінің ереуіл жариялағандығы хабарланды.

Бұл ақпаратты бірқатар Телеграм желісіндегі хайпсүйер каналдар да жарыса жариялаған еді. Жалақыларын 100%-ға көтеру туралы талап қойған бастамашыл топтың ынтасын қолдап үндеу жариялаған әйелдердің бейнежазбасы биліктің кем кетігін теріп отыратын насихатшыл топтарға оңынан келгені рас.

Алайда, мәселенің ақ пен қарасын ажыратып көрсек?!

«ҚТЖ» ҰК» компаниясы еліміздегі ең ірі алпауыт, жүйе құраушы компаниялардың бірі. Мемлекет ішіндегі мемлекет деуге де болады.

Мұндай күрделі компаниялардың басқару кешені мен адам ресурстары, еңбек әлеуетінің есебі мен қызметкерге бағытталған өз саясаты, заманауи басқару тетіктеріне негізделген өз құндылықтары мен құрылымы бар.

Осы жылдың шілде айынан бастап теміржолшылардың еңбекақысын төлеудің облыстық коэффициенттеріне кезең-кезеңімен көшу жобасы соның бірі.


Әрине, мұндай еңбек төлемінің коэффициенттік немесе KPI жүйелері шалғайдағы шойын жолда қызмет етіп жүрген қарапайым қызметкерге түсініксіз немесе әділетсіз болып көрінуі мүмкін.



Өз кезегінде ҚТЖ еңбек ұжымдарында еңбекақы төлеу жүйесіне жаңа тәсілдерді енгізу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын да  жүргізу керек.

Компанияның ресми сайтында қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша жоспарлы жұмыстарының есептік көрсеткіштері көрсетілген екен.

Өндірістік персоналдағы қызметкерлерінің жалақы деңгейін өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 41%-ке артып, бұл мақсатқа 133 млрд. теңге бөлінген.


2013 жылдан бері өндірістік персоналдың жалақысы мұндай деңгейде өспеген.

Жалпы компанияның негізгі табысы жүк және жолаушылар тасымалына негізделгенін және осы табыстан қызметкерлер жалақы алып отырғанын ескерсек, 2020 жылмен салыстырғанда компанияның жалпы табысының көлемі 7,4 есе өскен.

Өткен жылы теміржол көлігінің пайдаланылған жүк айналымы 239,3 млрд тонна/км-ге жетіп, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қорытынды табысы 120,6 млрд теңгені құраған.

Бұл нәтиженің қорытындысында  жүргізілген іс-шаралар есебінен 2021-2022 жылдары өндірістік персонал қызметкерлерінің еңбекақысының өсімі орташа есеппен 50% құраған. Биылдың өзінде өндірістік қызметкерлердің жалақысын көтеруге 70 млрд.теңгеден астам қаражат бөлініп отыр екен.

Еңбекақы төлеу қорларының коэффиценттік жүйесі мен эффективтілік тұрғысынан әділ және адами факторлардан ада болатынына сеніммен қарауға болады. Себебі бүгінде бұл процесстердің барлығы цифрлы автоматтандырылған бағдарламалардан тұрады.

Алайда, мұндай жаңашылдықтардың барлығын өңірлердегі еңбек активтеріне қарапайым тілмен түсіндіре де алу керек. Маңғыстаудағы теміржолшылардың да жүз пайыз өсім сұрап жатқандығы да осындай ағартушылық жұмыстардың кемшіндігінен болуы мүмкін.

Экономикада мультипликативті эффект деген тұжырым бар, мағынасы бір-біріне байланысты жүйелердің бір-біріне әсері. Қарапайым тілмен айтқанда домино тастарының бір-біріне сүйеніп құлауымен түсіндіруге болады.

Мәселен, кешегі Бейнеудегі теміржолшылардың талабы орындалды делік, алайда дәл сондай еңбек етіп жүрген теміржолшы Қандыағаш пен Қазалыда да бар немесе Қазақстанның әрбір теміржол бекетінде.

Онда барлық қазақстандық теміржол бекеттеріндегі өндірістегі 100 мыңнан астам қызметкердің жалақысын көтеру керек деген сөз.


Ал, бұл қызметкерлердің еңбекақысының көлемі ҚТЖ компаниясының жалпы табысымен бірден-бір байланысты екеніне назар салсақ, ҚТЖ өз кезегінде жолаушылар тасымалы мен жүк тасымалындағы тарифтерді көтеру керек болады деген мағынаға саяды.



Жүк тасымалының тарифтері көтерілетін болса, барлық шойын жолда тасымалданып жатқан тауарлардың бағалары да өзгереді, яғни құрылыс, техника мен күнделікті тұрмыстық тауарлардың да бағасы өседі демек. Жолаушылар тасымалындағы билет құны айтпаса да түсінікті.

Иә, киелі Маңғыстау жері өздерінің талапшыл және өр мінезді географиялық, этникалық ерекшеліктерімен елге аян. Бірақ, соңғы отандық осындай талаптар қою тарихына қарайтын болсақ, маңғыстаулықтардың ғана емес дүйім елдің тыныштығын ойлаған ресми билік бұл жердің азаматтарын жеңіл және кей жағдайда өлшемсіз қойылған сұраныстарын орындаймын деп жаман да үйретіп алған секілді.

Талаптың да талабы, өтініштің де өтініші болады, бірақ қазақ халқы тек қана Маңғыстауда өмір сүріп жатқан жоқ. Соны ескерсек.

Рекомендовать
Последние новости