Телеграм-арналар Тоқаевқа шүйлігіп жатыр

Dalanews 18 сент. 2020 12:40 798

Телеграм арналар Тоқаевқа тұтқиылдан тап берді хабарлайды Dalanews.kz.


Президент көмекшісі Ерлан Қариннің кәріне ұшырағаннан кейін атышулы арналардың біразы бой тасалап, саяси интригамен айналысуды доғарған сыңайлы еді.


Соңғы бір-екі аптаның бедерінде Тоқаевты нысанаға алған контент күрт артып, жаз бойы бейғам жатқан арналар қайта тірілген түрі бар.



Тоқаевқа шүйліккен телеграм арналар: "Президенттің орынтағы шатқаяқтап тұр. Қос билік қайтып оралады. Елдегі саяси элита екінші президентті жақтамайды. Назарбаев қайтіп оралуы мүмкін. Тоқаевтың жолдауы сүреңсіз шықты. Демалыстан оралған Елбасының соңғы күндері қатарынан үш ресми кездесу өткізгені жәйдан-жәй емес. Тоқаевтың популистік мәлімдемеде жасаудан өзге жолы жоқ. Арқа сүйері халық қана...", - деген сыңайдағы қаңқу-қауесетті телеграмдағы ауқымды аудиторияның құлағына құюда.


Осынау алып-қашпа әңгіменің арғы жағында Кремльдің сұғанақ саясаты жатуы әбден мүмкін. Телеграм арналардың сарай төңірегіндегі саяси интригаларды Кремльге жақын дереккөздерге сілтеп хабарлауы осы сөзімізге дәйек болса керек.


Айтқандай Ақпарат министрі Аида Балаева Hola news-ке берген сұхбатында телеграм арналарға арнайы тоқталған тұғын.


— Бүркеншек Телеграм-арналар бұра тартар ақпар таратқан жағдайда мемлекет тарапынан қатаң шаралар қабылданарын айтқан едіңіз. Осы бағытта қандай да бір қарекет жасалды ма? – деген сауалға Балаева:

"Әзір оған қажеттілік жоқ. Телеграм-арналардың жетекшілері бұған жеткізбес деп ойлаймын. Алуан түрлі ақпарат сапырылысқан дәуірде өмірде өмір сүреміз. Жалған ақпарат тұтас қоғамды құзға құлатуы мүмкін. Белгілі бір мәліметтің рас-өтірігін анықтап, фейк болса оның таралуын тежеу мақсатында Stopfake.kz сайтын іске қостық", – деп жауап берген еді.

Рекомендовать
Последние новости