Текелідегі таңбалы тас тарихы

Dalanews 27 авг. 2020 10:20 2519

Ұлан-ғайыр қазақ даласының қасиетті бір бұрышы жер жаннаты Жетісу деп бекер аталмаған. Жерұйықты іздеген Асан Қайғы бабамыздың «Ағашы тұнған жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен, Жерұйық деген осы екен» деп тамсанған өңірдің шырайлы да шұрайлы мекендердің бірі – Текелі.

Тау мен тасы құпия бүгіп, сулары сырға толы Текелі жері сылдырай аққан үш өзенімен, асқар тауларымен берекелі. Қора, Шажа, Текелі өзендерінің түйіскен оң жағалауында өндірісті, тарихи қала – Текелі орналасқан.

Текелінің өткеніне бойлағанда ірі тарихи оқиғалардан бөлектену мүмкін емес.

Әрі бұл оқиғалардың жергілікті халықтың қалыптасуындағы орны елеулі. Сәл шегініс жасап, Жетісу өлкесінің гүлденіп-өркендеуіне игі әсерін тигізген б.з. І мыңжылдығында қанатын жайған Жібек жолы сауда қатынасы тармақтары Текелінің аумағынан өткен.

Саудагерлер әкелген таңсық дүниелер жергілікті халықтың қолданысына еніп, айырбас әрекеті дамып, экономикалық дамудың алғышарттары қалыптасқан.

Текелі тарихи ескерткіштерімен, табиғатымен ерекшеленетін кеншілер қаласы. Азиядағы ең үлкен сарықырама Бұрхан-Бұлақ Текелі өңірінде орналасқан. Сонымен қатар, Қазақстан бойынша ең ұзын көше саналатын Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев көшесі де осы Текелі шаhарында. Қалада әлі де зерттелуі қажет тарихи жәдігерлер мен орындар біршама.

Соның бірі, Текелідегі Қора өзенінің сағасында орналасқан, ел арасында «Текелідегі будда бейнеленген тас» делініп кеткен тарихи ескерткіш ежелгі кезеңнің туындысы деген мағлұматтар бар.

Ежелгі буддистер бұл жерге ерекше қызыққан. Жетісу экономикалық институтының тарихшы ғалымы Михаил Антонов ежелгі мәдени ескерткіш туралы былай деп жазады: «Жартастың беткі жағы тегістеліп, өңделгені байқалады. Тастың үстіңгі жағында табиғи ойық бар. Жинақталған этнографиялық материалдар бойынша анықталғаны, аталған ойықтан жыл он екі ай су құрғамайды екен де, оны жергілікті халық киелі су деп санап кеткен. Тастың беткі жағындағы ортаңғы тұсында лотос гүлінің сұлбасы мен үнді шіркеуінің бейнесі бедерленген. Төменгі жағында мифтік аң бейнесі салынған. Жекелеген мүсін, бейнелер болмаса, дәл осыған ұқсас ескерткіштер табылған жоқ».

Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл бейненің жоғарғы жағында қалмақ әліпбиімен ламалардың қасиетті сөздері жазылған.

Белгілі Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институттың бас ғылыми қайраткері Зейнолла Самашев Текелідегі қасиетті бұл тас ғылыми тұрғыдан зерттелмегенін айтады:

– Біз тек таста буддалық күмбездің бейнеленгенін білеміз. Мүмкін, қасиетті деп саналған себебі, осы жерде рухты тазарту рәсімдері өткізілген болар. Буддистердің сенімі бойынша бұл жерге аяқ басқан жан барлық қайғы-қасіретінен арылып, рухани тазарады-мыс. Бұл күш табиғаттың барлық стихиясы тоғысқан жерде таралады. Ежелгі буддистер Қора шатқалын бекерден-бекер таңдамаған, мұнда су, жер, жел мен от (күн) бірдей кездеседі, – деп білікті маман өз топшылауын айтқан болатын.

Бүгінде елімізде тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға барынша назар аударылуда. «Текелідегі будда бейнеленген тас» та осы тарихи ескерткіштер тізіміне еніп отыр.

Археологтардың пікірінше, Қора шатқалының бүгіп жатқан сыры әлі де көп дегенге саяды. Ғылыми зерттеулер туған өлкенің өткен күндерінен көптеген шынайы деректер ұсынары сөзсіз. Сол себептен, туған өлке тарихын зерттеп, тарих шыңын бірге бағдарлайық.

Ұлжан БОТБАЕВА, Текелі қаласы әкімінің баспасөз хатшысы

Рекомендовать
Последние новости