Тайжан vs Геройхан: Дебат немен аяқталды?

Dalanews 28 сент. 2016 10:09 1086

Еxclusive.kz cайты Болатхан Тайжан атындағы қордың президенті, экономист, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан мен қоғамдық белсенді Геройхан Қыстаубаевтың арасында ашық дебат өткізді. Дебаттың өтуіне Мұхтар Тайжан мен Геройхан Қыстаубаев арасында әлеуметтік желіде көптен бері дауға айналған мәселелер себеп болған. Дебатты журналист Нәзира Дәрімбет жүргізді. Жарты сағатқа созылған дебатта Мұхтар Тайжанның кәсіпкерлік саладағы кейбір істері, отбасы және оның қоғамдық істері сөз болды.

500 тонна пияз

Геройхан Қыстаубаевтың айтуынша, Мұхтар Тайжан Алматы облысы, Қапшағай қаласына қарасты Шеңгелді ауылында пияз өсірумен айналысатын адамдардан жиыны 500 тонна пияз алып, ақшасын бермей кеткен-мыс. Бұған қарымта жауапта Мұхтар Тайжан пияз мәселесінде ешкімді алдамағанын әрі Шеңгелді ауылына барып, «ақшамды бермей кетті» деген адамдармен бетпе-бет жүздесуге дайын екенін айтты. Осымен, пияз төңірегіндегі мәселеге екі жақта нүкте қойғандай болды.

Жанат Есентаев және Мұхтар Тайжан

Мамыр айында Жер кодексіндегі кейбір баптарға қатысты қоғамда жер мәселесі дауы өршіп, Атырауда халық митингіге шығып, оның арты әр аймақта акция, митингілерге ұласып жатқан шақта азаматтық белсенді Жанат Есентаев ұсталып, қылмыстық кодекстің 174-бабымен айыпталып, қамалған еді. Тергеу изоляторында жатқан Есентаевқа Мұхтар Тайжан барған еді. Дебатта Геройхан Қыстаубаев «туыстарының өзін кездестірмей отырған тергеудегі адамға сені қалай кіргізді?» деген сауалына Мұхтар Тайжан Есентаевпен бас прокуратураның көмегімен барғанын және онымен кездесуге кірмес бұрын Оралдағы азаматтық белсенділермен жолығып, Есентаевтың отбасына хабарласып, барлық тараппен ақылдаса келіп, сондай шешімге келгендерін айтты. Дәлелдерін көрсетті.

Тайжан әулеті

Геройхан Қыстаубаев Мұхтар Тайжанның отбасына қатысты да жайттарды айтты. Оның ата-анасының ажырасу, мүлік бөлісі жайлы сөз етті. Алайда, Мұхтар Тайжан нақты құжаттар көрсетіп, Геройхан Қыстаубаевтың сөздерінің негізсіз екенін дәлелдеді.

Жер реформасы және М.Тайжан

Студияда отырған, аты-жөнін атамаған белгісіз бір адам М.Тайжанға «Жер мәселесі кезінде халықты митингіге шықпаңдар деп үгіттеді. Соған халық ренішті, мен де ренжіулімін» деді. Бұған жауап ретінде Тайжан «Жас Алаш» газеті редакцияда жер мәселесі бойынша митинг өткізуге рұқсат алу, өткізу, ұйымдастыру мәселелері бойынша өткен қоғамдық бастаманың басы-қасында болғанын, одан кейін құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелі болғанын айтты. Әрі сұрақ қойған адамның айтқанын оның жеке пікірі деп қабылдайтынын да атап өтті.

Дебаттың ақыры

Дебат соңында М.Тайжан мен Г.Қыстаубаевқа бір-бір ауыз сөз айтуға уақыт берілді. Тайжан өз кезегінде дебатты ұйымдастырған редакцияға рахмет айтып, Геройхан Қыстаубаевқа жаулығы жоқ екенін, сол себепті татуласуға шақырды. Тайжан ортаға шығып, Қыстаубаевпен қол алысты. Бірақ, Қыстаубаев Тайжанның әлеуметтік желіде есімін бұрмалап, әжуа еткенін айтып, тоқтамады. Сөйтіп, дебат та аяқталды.

Нұра Матай

ДЕРЕККӨЗ:  Abai.kz

Рекомендовать
Последние новости