"Тәтішевті өлтірді" деп айыпталған Тоқмәди қамауда отырған уақытын жеңілдетілген тәртіппен есептеуді сұрады

Қаракөз Амантай 13 июн. 2025 12:10

БТА Банкінің негізін қалаушы Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін сотталған Мұратхан Тоқмәди 2017 жылы қамауда болған уақытын “бір күн – бір жарым күн” есебімен қайта есептеуді сұрап, жазасының мерзімін қысқартуға талпынған. Алайда Алатау аудандық соты оның бұл өтінішін қанағаттандырмады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Осыған дейінгі сот отырысында және бүгінгі отырыста да Тоқмәди мен оның адвокаты Кервенов соттан Тәтішевтер отбасы мен олардың өкілдерін процестен шеттетуін сұрады. Судья ҚР Қылымыстық әкімшілік кодексінің 23-бабына сәйкес, жәбірленушілердің сот отырына қатысу құқы барын растады. Жәбірленуші тараптың құқықтарын адвокаттар Аманжол Мұхамедияров пен Олег Чернов қорғауда. Бүгін олар Тоқмәдидің өтінішіне бірнеше негіз бойынша қарсылық білдірді.

2023 жылдың 22 тамызында Жезқазған қалалық соты Тоқмәдидің Қылмыстық кодекстің 6-бабын қолдану туралы алдыңғы өтінішін қараған. Сот актісіне сәйкес, сотталғанға қатысты мекеме түрі орташа қауіпсіздік мекемесіне ауыстырылып, 2017 жылғы 12 маусым мен 2018 жылғы 3 сәуір аралығында қамауда болған уақытындағы 1 күнді 1,5 күн есебімен жазаны өтеу мерзімі ретінде есептелген. Алайда бұл сот актісі 2024 жылдың 11 қыркүйегінде Ұлытау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен өзгертілді. Аталған қаулыда бірінші сатыдағы сот шешімінің қате екені көрсетілген.

“2024 жылдың 11 қыркүйегіндегі Ұлытау облыстық соты сот алқасының қаулысы өзгертілмеген, қайта қаралмаған және ол туралы жоғары тұрған инстанцияға шағым түспеген. Қаулы күшіне енген сәттен бастап Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданыста. Демек, Тоқмәдидің ісі бойынша Қылмыстық кодекстің 6-бабының нормаларын қолдану мәселесі бұған дейін қаралған және қайта қарауға жатпайды”, — деді Аманжол Мұхамедияров.

Судья Ақмарал Мейірбекова Токмадидің өтінішіне қатысты іс жүргізуді тоқтатып, бұл мәселе бұған дейін Жезқазған сотында толық қаралғанын атап өтті.


Рекомендовать
Последние новости