Тастаяқтан «Жетісу кубогы» өтті

Dalanews 12 сент. 2019 04:09 796

Талдықорғанда Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін ардагерлер арасында бильярдтан «Жетісу кубогы» республикалық турнирі басталды. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 13 команда қатысуда. Турнирдің ашылуымен спортшыларды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады.

– Біз Талдықорғанда бильярдтан республикалық турнирді екінші жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Қатысушылар санының артып келе жатқаны бізді қуантады. Биылғы жылы командалар саны 13-ке жетті. Алдағы уақытта турнир халықаралық деңгейге көтеріліп, бильярд спортын жақсы көретін жандарды біріктіруге үлес қосады деп ойлаймын. Қатысушылардың барлығына облыс тұрғындары атынан алғыс айтып, ойында сәттілік тілеймін, – деді А. Баталов.

Турнирге қатысушылар мен қонақтарды «Әлем қырандары» бильярдшылар қауымдастығының президенті, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел құттықтап, бильярд спортын дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімі Амандық Баталовқа «Құрметті бильярдшы» құрметті орденін тақты.

Салтанатты шарадан кейін турнирдің қатысушылары мен қонақтары бильярд залында турнирді бастап кетті.

Атап өтсек, биылғы жылы жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарынан 13 команда бақ сынайды.

Жарыстар «Жастар» Спорт сарайындағы бильярд залында, «Элит» және «Айсер» бильярд клубтарында 14 қыркүйекке дейін жалғасады.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости